Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақ мектебі орталықтан көшірілмейді!

  • AstanaTV
  • 06 шілде 2019
  • 2972

Орталықтағы қазақ мектебін басқа жаққа көшірем деп бастама көтерген Қостанай әкімінің басы дауға қалды. Шенеуніктің шешіміне ата-аналар мен ұстаздар қауымы түбегейлі қарсы шықты. Шаһардағы шағын мектептің мәселесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, түйткілді шешу туралы министр мен әкімге тапсырма берді. Ал Асхат Аймағамбетов пен Архимед Мұхамбетов президент тапсырмасын бұлжытпай орындайтындарын әлеуметтік желі арқылы жеткізді. «Мемлекет Басшысының тапсырмасымен Қостанайдағы қазақ мектебі бойынша шара қабылданды, мектеп жұмысын жалғастырады. Материалдық базасы жақсартылады, қажет болса, жөндеу жүргізіледі», деп жазған министр, фейсбуктегі парақшасында.

Қаладағы №24 мектеп-гимназиясында алты жүзге тарта оқушы білім алады. Апта бұрын қала билігі білім ордасын бұрынғы кәсіптік-техникалық колледж ғимаратына көшіргісі келетінін хабарлады. Ата-аналар мен ұстаздар қауымы қала шетіне қатынау қиын екенін айтып, қарсылық танытты. Ақыры, Қ.Тоқаевтың твиттердегі жазбасынан кейін білім бөлімі орталықтағы бастауыш мектептің орнында қалатынын мәлімдеді. Тоқталатын бір мәселе - мектеп дауын кей интернет ресурстары сан-саққа жүгіртіп, «Жалғыз қазақ мектебі жабылады» деген жалған ақпар таратқан. Ақиқатында Қостанайда жалғыз емес, 6 қазақ мектебі бар. Көп емес, бірақ жалғыз емес. «Олардың ешқайсысы жабылмайды.Тағы біреуін ашқалы отырмыз», -деп ақталды қала әкімі Қайрат Ахметов.