Русский Сайттың толық нұсқасы

«Кеміретіні» аз көрінетіндер. Салықтан жалтару.

  • AstanaTV
  • 06 шілде 2019
  • 4545

Нұр-Сұлтандағы 37 мейрамхана салық төлемейді.Кассалық аппараттан күніне бір рет, тіпті айына бір рет ғана чек шығаратын ресторандар бар екен. Кіріс комитеті мамандарының мәліметіне сүйенсек, 31 мейрамханада құжат жүзінде жалдамалы қызметкерлер жоқ, біразы жұмысшылар санын 4-5-ақ адам деп көрсеткен. Ал Алматының 275 мейрамханасының 95-і кірісін көрсетпеген, 123-інде ешкім "жұмыс істемейтін" көрінеді.

Тіршілікте байқайсыздар ма, қарапайым адамдар міндетті төлемдерді уақытында төлейді. Жалтаратындар жарлылар емес. Бәрі әнебір мысқылдағыдай – қанағаттан жұрдай, тойымсызға «жарыл бай, жарыл!» деген сатушыға «жарылыңнан да өлше» дейтіндер. Індері дәнге толса да, кеміретіні ылғи аз көрінетіндер. Айзада Төребекқызының материалы.

Виталий Кузнецов мейрамхана бизнесімен айналысқанына жеті жылдан асқан ерлі-зайыпты Коньковтардың қарамағында басқарушы болып істейді. Сол кезден бері осы кәсіптің қызығы мен шыжығын бірге көріп келеді. Өйткені талғампаз тұтынушының көңілінен шығу оңай емес.  

Виталий Кузнецов, мейрамхана басқарушысы:

Мейрамхана ашам десеңіз, ең алдымен бармағынан бал тамған жақсы аспаз қажет. Дәмі тіл үйірер тағамды әкеліп беретін елгезек даяшы, сыпайы әкімгер, қалаберді, ғимараттың ішін әсемдеп безендіретін дизайнерді де ұмытпау керек. Әрине, көрсетілер қызмет бағасы қолжетімді болуы тиіс. Қазір жаз мезгілі, келушілер азаяды. Өйткені көбісі табиғат аясына шыққысы келеді. Сондықтан күзді асыға күтеміз.

Оралдық кәсіпкерлердің өкілі сұхбат беруден қашпағанымен мейрамхананың күнделікті табысы, ондағы келушілер санын, қанша салық төлейтіндерін құпия ұстағысы келді.  

Салық демекші, салықтан жалтаратын мейрамханалар көп. Астанадағы 37 мейрамхана салық төлемей келеді. Әсіресе, кассалық аппараттан күніне бір рет, тіпті айына бір рет қана чек шығару арқылы табысын жасыратындар аз емес. Мемлекеттік кірістер комитеті ресми өкілінің мәлімдеуінше, елорданың 31 ресторанында құжат жүзінде жалдамалы қызметкерлер жоқ екен. Біразы жұмысшылар санын 4-5 ақ адам деп көрсеткен. Ал Алматының 275 мейрамханасының 95-і кірісін көрсетпеген, 123-інде ешкім "жұмыс істемейтін" көрінеді.  

Әлібек Абдилов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:

Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары бойынша аталған саладағы салық төлеушілердің 18 пайызы былтыр декларациясында жылына 1 млн теңгеге дейін немесе күніне 3-ақ мың теңге мөлшерінде кіріс көрсеткен.  

 Мейрамханалар мен қонақүйлер қауымдастығының өкілдері табысын жасыратындар көбіне ұсақ асханалар деп отыр. Қаржы министрлігінің былтырғы бұйрығы бойынша барлық қызмет көрсету орындарында онлайн кассалық машина болуы тиіс. Жыл аяғына дейін барлығын осындай аппаратпен қамту жоспарланған. Сол кезде мейрамханалар кірісін ашық бақылауға болады.  

 Табыс тапқанымен салық төлеуге келгенде қашатындардың мәселесін шымкенттік салықшылар да қарап жатыр. Былтыр кәсіпкерлер табысын жасыру арқылы салыққа 7 млрд теңге кем төлеген. Кіріс департаментінің дерегінше қулыққа басып жүргендер асхана емес, тойханалар, қонақ үйлер, ойын-сауық кешендерінің қожайындары. Олар өздерінің мүлік құны мен мен жұмысшы санын азайтып көрсетіп келген. Сондай-ақ, бұл тізімде саудагерлер де бар. Шымкенттегі 118 тойханадан түсетін түсім күткендегіден айтарлықтай аз, деген салықшылар.

Нұралхан Көшеров, Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:

Көптеген ресторандар өз жұмысшыларын көрсетпейді. Үлкен тойханаларда біз визуалды қарап шықтық, кемінде отыз адам жұмыс жасайды. Бірақ қалада жәй кішкентай кафелер ол салығын көрсетеді, 12-15 адам істесе де бәрін көрсетіп отыр. Үлкен ғимарат тойханаларда күнделікті түсте де іс-шаралар өткізеді, кешке тойлар өткізеді. Бірақ олар салығын төлемей отыр.   

Айзада Төребекқызы, тілші:  

  Еліміз қонақ күтіп, той-жиын өткеретін орыннан кенде емес. Мейрамхана-қонақ үй бизнесі кәсіпорындары Ұлттық Қауымдастығының мәліметі бойынша, Қазақстанда 35 мыңға жуық мейрамхана бар. Олардың саны жыл сайын орта есеппен 20-30 процентке өседі. Қауымдастық президентінің сөзіне сүйенсек, тұтынушысы көп өңір Алматы мен Шымкент қалалары. Мейрамханалардың табыстары да әл-әзір тұрақты. Мәселен, орта деңгейдегі бір мекеменің өзі айына орташа есеппен 8 миллион теңге пайда табады екен.  

Десе де, нарыққа әзер төтеп беріп отырған мейрамханалар да бар. Мейрамхана-қонақ үй бизнесі кәсіпорындары Ұлттық Қауымдастығының президенті Игорь Копайлов кәсіпкерлердің күнделікті табысын жасыруға дейін баруын бүгінгі қымбатшылықтан көреді.  

Игорь Копайлов, Мейрамхана-қонақ үй бизнесі кәсіпорындары Ұлттық Қауымдастығының президенті:

Қазір ставка барлығына бірдей. Мейлі ол айына 50 млн теңгеге дейін табатын люкс, элиталық ресторан болсын, мейлі 2 млн кірісі бар шағын дәмхана болсын. Сондықтан олар кірісін жасырмау үшін қандай да бір қолайлы режимді қарастыру қажет. Тіпті қайсыбір мейрамханалар бағаны ұстап тұру үшін, дәлірегі тұтынушыны жоғалтпау үшін азық-түлікті базардан емес, тікелей фермерлерден сатып алуды да жоспарлап отыр. 

Қауымдастық өкілі кәсіпкерлерді клиенттен қағатын тағы бір мәселе темекі тартатын орындарға қатысты екенін алға тартты. Яғни мейрамханалардың табысына қоғамдық орындарда темекі шегуге мүлдем тыйым салу туралы Заң да айтарлықтай әсер етеді деп санайды.   

Игорь Копайлов, мейрамхана-қонақ үй бизнесі кәсіпорындары Ұлттық Қауымдастығының президенті:

Шымкентте чек кісі басына 2 мың мен 18 мың теңге шамасында түседі. Әлбетте бұл мейрамхананың деңгейіне байланысты. Ал Алматыда орташа чек 4 мыңнан 26 мың теңгеге дейінгі аралықта. Егер ол заң қабылданса, онда мейрамханаларда темекі шегуге арналған бөлмелер болмайды. Соның салдарынан мейрамханалар өз клиенттерінің 25-30 пайызын жоғалтуы мүмкін. Қауымдастық шылым шегушілерге арналған ғимарат ішілік орындарды қалдыру керек деген ұстанымда. 

Қауымдастық Қазақстандағы ең үздік мейрамханалар рейтингін құруды жоспарлап отыр. Ол үшін қонақ үйлер мен мейрамханалар үлгісі бойынша «жұлдыздар» беріледі. Келуші көп болғанда табыс та жоғарылайды. Сәйкесінше, салықтан да жалтармайды деген сенімдері бар.   

Айзада Төребекқызы «Біздің уақыт»