Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда кәріз құдығын тазалаған 3 адам қайтыс болды

  • AstanaTV
  • 16 шілде 2019
  • 2219

Қарағандыда 3 бірдей адам кәріз құдығын тазалаймыз деп қайтыс болды. Көршілерінің айтуынша, марқұмдар үйлерінің алдындағы қосалқы станциядан екі апта бойы аққан кәріз суына құзыретті мекемелер назар аудармаған соң суды өздері сорғызуға мәжбүр болған. Алдымен құдыққа әкесі түсіп, кейін ол құлап қалған соң ұлы мен көршісі құтқаруға әрекеттенген. Алайда 6 метр тереңдіктегі құбырдан үшеуі де қалып қойған. Тұрғындарды түн ортасында құтқарушылар әрең шығарып алыпты.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Түнгі 4 кезінде оқиға орнына келген құтқарушылар жапа шеккендерді 1 сағатқа жуық уақыттан соң ғана сыртқа шығара алған. Алдымен құдықтың жанындағы үй қожайыны- 59 жастағы азамат пен оның 30 жастағы көршісі ауыр жағдайда ауруханаға жөнелтілген. Кейін мамандар әкесін құтқарам деп құдыққа түскен 29 жастағы жігіттің өлі денесін тапқан.

Қайғылы оқиға осы Буровой көшесіндегі кәріз суын жинайтын қосалқы станцияда болған. Алдымен құдыққа әкесі түсіп, кейін ол құлап қалған соң ұлы мен көршісі құтқаруға барған.  

Жанат СҮЛЕЙМЕНОВА, МАРҚҰМДАРДЫҢ КӨРШІСІ: 

Канализация бітеліп қалған. Сосын мына біздің көршіміз сыртына су аққан соң ішіне кіріп соны тазартам деген ба, сөйтіп түнде болған жағдай негізі. Шыққан соң көрдік, ЧС, скорая помощь, милиция бәрі. Ішіне құлап қалған ба, о жағдайын білмейміз. Бірақ факт то, что о кісілерді шығарып, скорыймен алып кетті.

Көршілерінің айтуынша, 59 жастағы тұрғынның үйінің алдындағы станциядан екі апта бойы кәріз суы аққан. Алайда коммуналдық мекемелер бір- біріне сілтеп, көмектеспей қойды деп отыр. Ақыры баспанасын нәжіс басатын болған соң ол суды өзі сорғызуға мәжбүр болған.  

Александр ГРИГОРЬЕВ, МАРҚҰМДАРДЫҢ КӨРШІСІ: 

Кәріз суы екі апта бойы ағып жатты. Менің үйімнің сыртын айнала, көршімнің есігінің алдына дейін жетті. Көршім құзыретті мекемелерді шақырды. Бәрі бір- біріне сілтеп сорғызбай қойды деген болатын. Ақыры ол өзі насоспен екі жақты сорғызып жүрді.

Алайда, тұрғындарды дәрігерлер құтқара алмады. Ауыр жағдайда ауруханаға түскен 59 және 30 жастағы көршілер қайтыс болды. Алдын ала болжам бойынша марқұмдар құдықтағы газдан уланған.   

Жанна ДӘУРЕНБЕКОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

ТЖД күштерімен екі адам шығарылып, емханаға жеткізілген болатын. Олардың жағдайы ауыр деп есептелді. Ал үшінші ер адам сол жерде қайтыс болды. Жаңа хабарлама түсіп жатыр жаңағы екі адам госпитальда қаза болғаны туралы.

Қазіргі таңда оқыс оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Арнайы сараптамалар тағайындалған.  

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Тұрғындардың айтуынша, жеке сектордағы кәріз құдығынан лас судың ағуына осы маңдағы құбырлардың жарылуы себеп болуы мүмкін. Алайда, апаттың дәл қай маңда болды? 3 адамды жалмаған кәріз құдығы қай мекемеге тиесілі? Бұл сұрақтарға ешбір коммуналдық мекеме, тіпті қала әкімдігі де жауап берме отыр.

А. Қуаш