Сириядағы соғысқа аттанған қазақстандықтар мал азығын жеп күн көрген. Ал 13 жастағы балалар қару алып, жауға шапқан. «Жусан -3» операциясымен елге оралған әйел осылай деді. Шындық пен сұмдықты естіген тілшіміз тарқатады.
Өзінің шын атын атамап, жүзін көрсетпеуді өтінген бұл әйелдің елге оралғанына 2 ай. От пен оқтың ортасына кеткен ол бәрі білместіктен болды деп отыр. Өйткені, күйеуінің жұмаққа кіреміз, шын мұсылман боламыз деген сөзіне бойсұнған. 6 жыл Шам елінде қараңғылықта өмір сүрген оның көрген қорлығы адам шошытады. Бара сала күйеуі соғыста қаза тауып, жесір қалады.
- Мухажирлар малдың тамағын жейтін едік. Мал жейтін тамақтарды жедік. Арабатар өздері кәдімгі тамақтар жейтін. Мысалы бидай, отруб шөп сондайлар жейтінбіз.
Осылай күнелткен келіншектің 3 жылы аштықпен өткен. Жесір қалғандықтан, оларды көпшілікпен бірге турға мәжбүрлепті. 2 баламен жесір қалған әйел тіске басар дән сұрап, арабтардың босағасын жағалап, қайыр сұраған. Шалқып өмір сүріп, жұмаққа кіреміз деген ойы тозаққа айналған.
- Балиғат жасына толған кезде олар балаларды жеке ала бастайды. Негізі 7 жасынан бастап ақырын үйрете бастайды. Оларды жеке алып Мооскар деген жеке апарады ұлдарды. Сол жақта әскери дайындықтан өтеді. Сосын 15 жасынан соғыс жаққа қарай шығады 13-15 жастарынан.
Өткен өміріне өкінген ол кеткен қателігін түзеп, мешіттен дәріс алып жүр.
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ, ҚМДБ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ӨКІЛДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң" деген қазақтың қағидасы бар. Сол бойынша оларға түсіндіру жұмыстары бейімдеу жұмысы жүріліп жатыр. Ешбір қазір туындап тұрған ауыртпалық мәселе жоқ. Бірақ, олар шындығын айтып жамағатпен кездесіп, өздерінің көргендерін айтып ары қарай уағыз насихатқа жастарды сақтандыруға оларды өз үлестерін қосып жатыр.
Құзырлы органдардың мәліметінше, Сириядан Павлодар облысына 19 адам оралған. Олардың 9-ы бала. 7-уі сол елде туғандықтан, ешқандай құжаты жоқ.
Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Өмірдің ыстық-суығын көрген әйелдердің ендігі бағыты - балаларын өсіріп, ата-аналарының жанында болу. Өйткені, көпшілігі кезінде жат ағымның жетегінде жүріп, жақындарынан ажырап қалған. Сондықтан да «Жусан» операциясымен оралғандар өздерінің туған ауылдарына оралыпты.
Ө. Қуанар