Қазақстанда жасалған модульдік қосалқы станциялар Алматыдан Қарашығанаққа жеткізілмек. Жоғары технологиялы жабдықтарды Қарасай машина құрастыру зауыты өндірді. Ал тапсырыс берген - «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясы. Қос серіктестік шағын станция жасау туралы осыдан екі жыл бұрын Батыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласының өңіраралық байланысының аясында келісімшарт жасасқан еді.
«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» - мұнай-газ жобаларына қазақстандық зауыттарды тартуды басты міндеті санайды. Мәселен, Қарасайдағы машина құрастыру зауыты электротехникалық құрылғыларды шығарудан әлемдегі ең озық компаниялардың бірі - «Шнайдер электриктің» технологиялық әзірлемелерін алған. Соның негізінде бес модульдік косалқы станция жасап шықты. Бұрын мұндай жабдықтар шетелден әкелінетін.
Марат КӘРІМОВ, ҚПО БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ :
КПО компаниясы әр кеңейту жобаларының алдында Қазақстандық қамту индикаторларын тағайындайды. Бүгінгі өндірістік шектеулерді алу жобасына келетін болсақ, соңғы 2-2,5 жылдың ішінде Қазақстанның бес облысында 10 кәсіпорынға жалпы құны 20 млрд теңгеден асатын 18 тапсырма беріп отырмыз.
Отандық шағын станциялар өте сапалы. Шетелдік баламасынан еш кем емес. Тапсырыс берушінің барлық талаптарына сай болып шыққан. Мұны зауыттағы кешенді сынақтар айғақтайды.
Максим АГЕЕВ, «SCHNEIDER ELECTRIC» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:
Халықаралық стандарттарға сай, осыншалықты жоғары технологиялы қосалқы станция Қазақстанда алғаш рет өндіріліп отыр. Бұл осы жобаның басты ерекшелігі шығар. Біздің серіктесіміз Қарасай машина құрастыру зауыты жасап шығарды. Осылайша «Шнэйдер электрик» Қазақстан экономикасына инвестиция құюды жалғастыра беретінін және осы елде инновацияны дамытуға күш салатынын дәлелдейді.
«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясы Қазақстанның бес өңірінде орналасқан 10 кәсіпорынға 18 тапсырыс беріп қойған. Олардың жалпы сомасы 52 млн долларға жетіп отыр.
Д. Қайыртай