Қазақстандағы әлеуметтік қолдаулар биылғы бюджет тапшылығын ұлғайтады. Үкімет жоспарымен танысқан Халықаралық валюта қоры осындай болжам жасап отыр. Ақпарат ұйымның ресми сайтында жарияланды. Сарапшылар бюджет тапшылығы мұнайдан түсетін кіріс көбейсе де артады деп отыр. Биылғы әлеуметтік бастамаларға несие рақымшылығы, баспанамен қамту және жалақыны өсіру кіреді. Бұған да қосымша қаржыландыру қажет. Халықаралық валюта қоры әлеуметтік әлжуаз топтарға мемлекеттің қолдау көрсеткенін қолдайды. Бірақ кіріс көзі қажет екенін ескертіп отыр. Олар мұнайға қатысты емес табысты арттыру үшін салық саясатын өзгертуге мүмкіндік бар деп санайды. Оның ішінде қосымша құн салығы, табыс пен мүлік салығын жетілдіруді ұсынды. Ал қордың өзі техникалық көмек көрсетуге дайын екенін жазған.
А. Бектас