Русский Сайттың толық нұсқасы

Браконьерлер тағы да инспекторларға оқ атты

  • AstanaTV
  • 23 шілде 2019
  • 2927

Ақмола облысында тағы да инспектор өлімі! Бүгін браконьерлер қолынан 43 жастағы атпалдай азамат қаза тапты. Тағы біреуі- ауыр жарақатпен емханаға жеткізілген. Киікке араша түскен Қаныш Нұртазиновтың артында 4 баласы жетім қалды. Ол «Охотзоопром» кәсіпорнында 2016 жылдан бері жұмыс істеп келген. Ал екінші инспектор - Самат Оспанов. Оған қазір Көкшетаудағы ауруханада операция жасалып жатыр. 

Рүстем ИСМАГУЛОВ, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Екінші инспектор да оқтан жараланған. Жағдайы ауыр. Дәрігерлер қолдан келгенше жердем көрсетіп жатыр. Ол аудандық ауруханадан санавиацияның көмегімен Көкшетау қаласындағы облыстық ауруханаға жеткізілді.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметіне сенсек, оқыс жағдай, күндізгі 11-лер шамасында болған. Инспекторлар Жарқайың ауданындағы Бірсуат аулының маңынан ақ түсті «Нива» көлігін кезіктіреді. Тоқтатып, тексеріп жатқанда браконьерлер шабуыл жасаған. 

Сәкен ДІЛДАХМЕТ, ҚР АШМ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ КОМИТЕТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

Бұл факті бойынша Жарқайың аудандық полиция бөлімі іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Жоспарлы ақпарат бойынша бұл нива автокөлігі Қостанай облысына тиесілі автокөлік болып отыр. Құқық қорғау органдарымен олардың құқықтарын теңестіру, материалдық -техникалық базасын жаңарту және оларды мотивациялау бойынша ұсыныстарды біз Парламентке жіберген болатынбыз. Қазіргі таңда мәжіліс тарапынан қолдау білдіріліп, енді сенатқа жіберілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев- туиттер парақшасында браконьерлермен арпалысып, ерлікпен қаза тапқан Қаныш Нұртазиновтың туыстарына көңіл айтып, Самат Оспановтың сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Ол- қаскөйлер тиісті жазасын алады деп жазды. Сондай ақ, киік атқандарға жазаны күшейту керек дейді.

Д. Қайыртай