Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтауда жұмысшылар бойкот жариялады

  • AstanaTV
  • 23 шілде 2019
  • 3758

Ақтауда еңбек дауы! Қаланы көгалдандыратын компания жалдаған су тасығыш көліктер- 4 күн бойы жұмысқа шықпай отыр. Жұмысшылар- келіскен жалақыны ала алмай отырғандарын айтады. Ал, компания басшылығының өз есебі бар. Нұрсұлтан Біләл тарқатады. 

Бұл наразылық 4 күннен бері жалғасуда. Қаладағы жасыл желекті суаратын көлік жүргізушілері әділдік орнамайынша жұмысқа аттап баспаймыз деп отыр. Олар маусым айының жалақысын жарытып алмадық дейді. Қаланы көгалдандырумен айналысатын компания суару маусымы басталмас бұрын 350 мың теңге көлемінде айлық төлейтінін айтып, оларды жұмысқа қабылдаған көрінеді. Бұл сомаға жанар-жағармай, көлікті жөндеу және еңбек ақысы кіреді. Алайда жеме-жеме келгенде әлдеқайда аз жалақы төлеген.

Оразмағамбет ҚАМЫСБАЕВ, СУ ТАСЫҒЫШ:  

Әркімге әрқалай шыққан ақшамыз, біреуге 200, біреуінікі 190, біреуінікі 250-ге жақындады. Әрқайсына әртүрлі. Біздің келіскен ценамыз таза 300 мыңға келістік. Бұл жерде басқа ешқандай жалоба жоқ. Бізге таза өз ақшамызды берсе болды.

Айтқали ҚОЖАМҰРАТОВ, СУ ТАСЫҒЫШ: 

Біздің талап ететініміз, сол ақшаны бізге өзіміздің еңбек ақымызды алуымыз керек. Бәрінің де бала-ашағасы, кредиті бар. Барлығымыз осы жұмысымызды тастап келіп отырмыз. Маңғыстау облысының Ақтау қаласы. 3 күн 4 күн болды уже міне жұмысқа шықпағаңымызға, шыны керек.

Жүргізушілер шағымданып отырған "РЭП" Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры жалақы берудің есеп-қисабын түсіндіріп әлек. Оның айтуынша 60 көлік өзіне бектілген белгілі бір учаскені суарады. Дегенмен, егер бір су тасығыш бір күнде 5 рейс жасап үлгерсе, қалғандары одан аз рейс жасауы мүмкін.  

Абай ҚОЖАБАЕВ, «РЭП» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Олардың алдында қаншама рет иілдім, мәселені түсіндіріп бақтым. Бірақ су тасығыштар қазіргі уақытта менің оларға тәуелді екенімді біліп отыр. Сондықтан да осындай дау-дамай ұйымдастырып жағадан алып отыр. Мен өзім жалақыны қайта есептедім. Менде барлығы жазулы. Мысалы бір су тасығыш екіншісінен көп жұмыс істесе мен неге екеуіне тең е тіп ақша үйлестіруім керек?! Бұл әділетсіз деп ойлаймын.

Су таситын көліктердің жұмысқа шықпауынан жасыл желек зардап шекпеуі керек дейді Қожабаев. Сондықтан да ағаштар мен көгалды суару енді кешкі ауысымда да жүргізіліп отырады. Ол үшін оларға қосымша үстемақы төленеді дейді компания басшысы.  

Н. Біләл