Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда «Тасбұлақ» демалыс орнының бұрынғы директоры Талғат Ақуов сотталды

  • AstanaTV
  • 23 шілде 2019
  • 4677

Қарағандыда 148 адамды «алдады»,- деп айыпталған «Тас Бұлақ» демалыс орнының бұрынғы директоры Талғат Ақуов 6 жыл 8 айға сотталды. Қазыбек би аудандық соты кәсіпкерге осындай үкім шығарды. Ақуов жазасын орташа қауіпсіздіктегі абақтыда өтейді. 

Саян АҚҚОЖИН, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫ ҚАЗЫБЕК БИ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ БАҚ БОЙЫНША СОТ МОДЕРАТОРЫ: 

Айыпталушы Ақуов 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге 3 жыл коммерциялық және коммерциялық емес мекемелерді басқару құқы берілмейді. Ал жапа шеккендердің азаматтық арызы толық қанағаттандырылған. 

Талғат Ақуов «Алаяқтық» бабымен айыпталып былтыр көктемде қамалды. Тергеу материалдарына сүйенсек, адамдар 2017 жылы желтоқсан айында «Тас Бұлақ» демалыс орнынан 40% жеңілдікпен жолдамалар сатып алған. Бірнеше айдан соң «Тас бұлақтың» жаңа директоры келісімшарттардың күші жоқ екенін хабарлайды. Жоспарлы демалысқа бара алмаған тұрғындар 16 млн теңгеден астам шығынға ұшыраған. Сотта Талғат Ақуов демалыс орны банктегі несиесін өтей алмауына байланысты аукционға қойылып, арзанға сатылып кеткенін айтқан болатын. Бірақ, ол жаңа қожайын «Тас Бұлақты» атына жаздырғанға дейін жұмыс істей берген. 

А. Қуаш