Русский Сайттың толық нұсқасы

Ерекше шаш үлгісі және өткір тілімен көптің есінде қалған Борис Джонсон Ұлыбританияның премьер-министрі атанды

  • AstanaTV
  • 24 шілде 2019
  • 3292

Борис Джонсон Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі болды. Консервативтік партия жетекшісі сайлауда жеңіске жетті. Лондонның бұрынғы мэрі- негізгі қарсыласы Джереми Ханттан екі есе көп дауыс жинаған. Мансабын журналистикада бастап, өзін саясатта тапқан Борис Джонсон жайлы Әлішер Өмірзақ толықтырады.  

Ерекше шаш үлгісі және өткір тілімен көптің есінде қалған Борис Джонсон Ұлыбритания Консервативті партиясының жаңа басшысы және премьер-министрі атанды. Сайлауда Лондонның бұрынғы мэрі негізгі қарсыласы Джереми Хантті басып озып, 2 есе көп дауыс жинаған. Тереза Мэй ізбасары атанған Джонсонды алғашқылардың бірі болып Франция президенті Эммануэль Макрон мен Дональд Трамп құттықтады. АҚШ президенті тіпті оны өзінің сыңары деп атады.  

Дональд ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Борис Джонсон - жақсы адам. Ол қатал, бірақ ақылды. Оны "Британдық Трамп" деп атайды және адамдардың көбі мұны жақсылыққа балайды. Олар мені жақсы көреді. Бористің қолынан бәрі келеді. Ол өзінің алдыға қойған мақсатын аяғына дейін жеткізеді.

Ал Еуроодақтан жеткен құттықтауларда «ескерту» лебі есіп тұрды. Брюссель «қатаң Брекситтің» жақтаушысына: бұрынғы премьермен жасасқан келісімдер өзгермейтінін басып айтты. Дегенмен, Борис Джонсон Ұлыбритания Одақтан 31 қазанға дейін шығатынын айтқан. Мақұлданған құжаттың ең қарама - қайшы тармақтарының бірі - backstop деп аталады. Бұған сәйкес Корольдік құрамына кіретін Ирландия мен Еуроодаққа кіретін Ирландия арасында шекара сақталады. Яғни, Еуроодақтың заңы Ұлыбритания аймағында күшін жоймайды.  

Борис ДЖОНСОН, ҰЛЫБРИТАНИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:  

Біз Брекситті 31 қазанға дейін жүзеге асырамыз. Және бұдан шығатын мүмкіндіктерді толығымен қолымызға аламыз. Өзімізге деген сенімділік қайта пайда болып, елімізді қайта біріктіреміз. Баршаңызға маған көрсеткен құрметтеріңізге алғыс білдіремін.

Брексит Борис Джонсон жақын арада шешуі тиіс жалғыз проблема емес. Бюджеттік жауапкершілік жөніндегі басқарманың дерегі бойынша, ел экономикасының өсімі баяулаулаған. Оған қоса ЕО-тан ешқандай мәмілесіз шыққан жағдайда, елдегі жағдай күрделене түседі, деп есептейді Brexit қарсыластары. 

Стив, ҰЛЫБРИТАНИЯ ТҰРҒЫНЫ:  

 Соңғы үш жылда біздің экономика еркін құлдырап келеді. Адамдар жұмыссыз қалды. Адамдар қайда ақша салуға болатынын білмегендіктен инвестициялар да азайды. Бизнес тоқтап қалды.

Көптеген британдықтар 77-ші премьерге сенімсіздікпен қарап отыр. Ата-бабасы орыс және түрік текті эмигрант болған Джонсон Ұлыбританияда мансабының шыңына шықты. Журналистикада алғашқы қадамы жанжалмен аяқталған ол өзін саясаттан тапты. Екі жыл Лондонны мэрі болғаннан кейін СІМ басқарды. Қазір премьер министрлер кабинетінің жаңа құрамын дайындап, ертең Парламентте Еуроодақтан шығу бойынша өз жоспарын ұсынады. 

Ә. Өмірзақ