Русский Сайттың толық нұсқасы

Таластың жағасында тұратын тараздықтар тасқыннан қауіптеніп отыр

  • AstanaTV
  • 20 қазан 2017
  • 3301

Таластың жағасында тұратын тараздықтар тасқыннан қауіптеніп отыр. Көрші қырғыз елі «Киров» су қоймасындағы артық суды етектегі елге жіберіп жатыр дейді. Қазір Алатаудың ар жағынан секундына 60 текше метр су келіп жатыр. Көңілі күпті тұрғындар мұның соңы не болады деп алаңдаулы. Қырғызстан тарапы бұл жағдайды қоймадағы құрылыс жұмыстарымен байланыстырып отыр. Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады.

Ерте көктемде Талас тасыған тұста қалай абыржығанын тұрғындар ұмыта қойған жоқ.  Қойма арнасынан асқанда, артық су бергі бетке босатылған. Қазір де жұрт сол сұмдық қайталана ма деп қауіптенеді. Керек кезде қаталатып, ал керек емес кезде суға қарқ қылатын Қырғыз билігінің қылығынан жалыққан.

Құлымбай Шүкірбаев, Тараз қаласының тұрғыны:

Жаздай су болмайды, суды бәрін қысып алып қояды. Күз кезінде су жібереді. Бұл бізді қорқытқаны ма, не екенін білмеймін. Суымыз есіктің алдына келіп тұр. Қорқынышты.

Әдетте секундына 30-40 текше метр су ағып жататын Таластағы ағын су 60 текше метрге артқан. Мамандар қоймадан келетін судың қарқыны аздап қайтты, қорқуға негіз жоқ дейді. Бізге су босататын Киров су қоймасындағы сыйымдылық 550 млн текше метр. Қазір онда бар болғаны 20 млн текше метр су бар. Ол қойма суының 4-ақ пайызын құрайды .

Берік Нұралиев, ҚР АШМ су ресустары комитеті «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары:

Жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп бізге телеграмма берген. 120 текше метрге дейін суды тастаймыз деп. Осыған байланысты біз барлық аудан әкімдеріне хат жолдадық. Сақ болу керек. 50 кубке дейін көтерді. Біздің плотинамызға 60 текше метр су келді. Ал бүгін 20 кубқа дейін қайтадан жауып тастады. 

Қырғыздардың суына тәуелді екенміз рас. Аймаққа ағын судың 80 пайызы көршілерден келеді. Биыл жамбылдық диқандар 62 мың гектар егіс алқабын суаруға 800 млн текше метрдей су алған. Олардағы жөндеу жұмыстарына жылда қаржы бөлетініміз де сондықтан.

Берік Нұралиев, ҚР АШМ су ресустары комитеті «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары:

Биыл, мысалы, бізден «Киров» су қоймасына 15 млн теңге бөлінді. Келесі жылға 20 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Қырғыздар өз жағынан қанша қаржы бөліп отырғанын бізге айтпайды. Жыл сайын ақша сұрайды. 

Қазақстан бөлген қаржыға қырғыздардың қанағаттанбайтыны жылдағы жағдай, - дейді мамандар. Қаржы Шу-Талас бассейніндегі жалпы жөндеуге жұмсалады. Ал Киров су қоймасының қауіпсіздігіне көңіл бөлу аса маңызды, әйтпесе бекініс бұзылуы да бек мүмкін. 

Оразхан Қарлыханұлы, Қазақ су шаруашылығы ҒЗИ су ресурстарын басқару бөлімінің басшысы: 

Бізде есептеулер бар, «волна прорыва» деп атайды оны. Бұл жағдайда, әрине, жолдағы елді мекендер, Тараз қаласының көп бөлігі судың астында қалуы толық мүмкін. Су қоймасы бұзылған жағдайда одан сақтану, қорғау процесі әлі шешілген жоқ.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Айтқан жерден аулақ қойма суы толық күшімен Таразға қарай төгілетін болса,  5-6 метр биіктікпен келеді. Ал, содан сақтану үшін Тараздың іргесінен топан суды тосып алатын қойма салу жоспарда бар. Бірақ ол қашан жүзеге асатыны белгісіз.  Талас өзені секундына 267 текше метр су өткізуге қауқарлы. Былтыр көктемде 200 болғанның өзінде етектегі елді су шайған еді. Жағдай қайталанбас үшін атқамінерлер өзен  жағасын жөндеуге  Үкіметтен 3,5 жарым млрд теңге қаржы сұрап отыр.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ