Русский Сайттың толық нұсқасы

Бала өлімі бірнеше аймақта төмендемей тұр

  • AstanaTV
  • 29 шілде 2019
  • 3536

Қазақстанда бала өлімі бойынша Солтүстік Қазақстан облысы бірінші орында тұр. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрлігіндегі алқа жиынында айтылды. Ал жалпы өлімде дәрігерлер 1000-нан үш адамды құтқара алмайды. Кулуарда бас дәрігер органдарды заңсыз сату проблемасын да қозғап өтті. Абай Сейфулла жалғастырады.

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ:

Бала өлімі мен жалпы өлім көрсеткіші жоғары Солтүстік Қазақстан облысындағы бас дәрігерлер жазалануы керек. Алқа жиынында министр Елжан Біртанов осылай деді. Соңғы бес айдың статистикасы бойынша аймақ «жалпы өлімде» көш бастап тұр. Ал жекелеген жағдайларда бірінші жетекшілер емес, қатардағы дәрігерлер кінәлі боп шыға келеді. Маңғыстауда да жағдай мәз емес.

Ләззат ЕСЕНҒАЛИЕВА, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ДСБ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Соңғы жарты жылдық бойынша біздегі көрсеткіш 9 да ноль. Былтырғыға қарағанда төмендеу бар. Бірақ республикалық деңгейде жоғары болып тұр. Негізгі себеп - туа бітті даму ақаулары әсерінен перинаталдық кезеңдегі өлім фактілері.

Бұл аймақтардан бөлек Атырау, Алматы, Қызылорда облыстарында бала өлімі жиі кездеседі. Себебі - шала туатындар көп. Мәселе- бірінші аналар денсаулығында болып тұр, дейді балалар хирургиясы орталығының басшысы. 

Риза БОРАНБАЕВА, ПЕДИАТРИЯ ЖӘНЕ БАЛАЛАР ХИРУРГИЯСЫ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Ал өлімге екінші себеп - туа біткен жүрек ақауы, сосын өкпе қабынуы. Егер бес жасқа дейінгі балаларды алып қарасақ, олардың 82 пайызы жасына толмай шетінейді. Көбі алты күнге дейін ғана өмір сүреді.

Министр журналистерге берген сұхбатында елдегі ағза мүшелерін саудалау фактілері тыйылмай тұрғанын айтты. Біздің заң бойынша ағзаны сатуға болмайды. Ал өлгеннен кейінгі донорлыққа келісім беру енді электронды денсаулық паспортына енгізілейін деп жатыр. Еске салайық, кісі егер тірісінде бас тартпаса, «презумция келісімі» бойынша өлген соң ол денесін пайдалануға рұқсат берді деген сөз.  

Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: 

Әрине балалар үшін ата-аналары толтыруы керек. Ал жалпы әр азаматтың сондай құқы бар. Донорлыққа келісем немесе бас тартам деген. - Ал бес жасар бала қайтыс болса, оның органы туралы кім шешім қабылдайды? - Әке-шешесі әрине.

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ: 

Ал белгілі трансплантолог Ғани Құттымұратов шетелдік реципиенттер тартып, адам ағзасын саудалады деген айыппен қазір уақытша қамауда отыр. Бас дәрігер "Ол жоғары санатты дәрігер, кәсіби біліктілігіне шүбә келтірмеймін, ал іште болған жағдайды құқық қорғау органдары зерттеп айтады" деді. Жиында сонымен бірге министр аймақтардағы ауруханалардың жеткіліксіз жабдықталуын сынады. Солтүстік Қазақстан облысының мамандарына "егер мемлекеттік сатып алуға бөлінген ақшаны уақытылы игере алмасаңдар қайтарыңдар" деді.

А. Сейфулла