Русский Сайттың толық нұсқасы

Түрмедегі азаптан соң барлық колониялар тексерілетін болды

  • AstanaTV
  • 30 шілде 2019
  • 3329

Енді елдегі түзету мекемелері жіті тексерістен өтеді. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаев жағасын ұстап, сотталушыларды азаптау ісін масқаралады. Қазіргі уақытта аты шулы Заречный түрмесінің 5 қызметкері уақытша ұстау изоляторына қамалған. Әзірге қызметтік тексеру жалғасып жатыр. Азаптау оқиғасы бойынша 2 қылмыстық іс қозғалды. 

Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Бұл оқиға біздің қылмыстық-атқару жүйесіндегі масқара әрекет болып отыр. Әзірге мекеме ішінде түсірілген 40 бейнежазба мен аудиофайл тексерілді. Оның екеуінде сотталушыларға қатысты қинау фактісі байқалады. Өзге мекемелерде Заречныйдағы оқиға қайталанбауы үшін ұлттық превентивті механизм ұйымымен және азаматтық қоғаммен бірлесіп, азаптау фактісі болған мекемелерге тексеру жүргіземіз. 

Бұған дейін желіге түрме қызметкерлері сотталушыларды аямай қинап жатқандары түсірілген видео жүктелген еді. Онда әскери форма киген қызметкерлер бір адамды аяқтарын жерге тигізбей іліп қойып, басынан теуіп жатқаны байқалады. Ішкі істер министрлігі жедел түрде арнайы комиссия құрып, Заречный кеңтінде орналасқан ЛА 155-те 2 мекемесін жіті тексерген. Озбырлық фактісі анықталып колония басшысы мен оның екі бірдей орынбасары жұмыстан қуылды. Бас-аяғы 14 қызметкер жауапқа тартылған, оның 7-і жұмыстан қуылды.

Н. Біләл