Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда тауарды шетелге экспорттайтын компаниялар мемлекеттік субсиядия төлеудің кейбір талаптарымен келіспей отыр

  • AstanaTV
  • 30 шілде 2019
  • 2460

Қызылжарлық тауар экспорттаушылар мемлекеттік субсиядия алу үшін сертификат тапсыруға қарсы. Олар ешбір ел бұл құжатты сұрамайтынын айтып отыр. Қажетсіз сертификат шығын әкелгендіктен өнім бағасына әсер ететін көрінеді. Халықаралық саудадағы қиындықтар туралы тілшіміз әңгімелейді. 

Ұн тартумен айналысатын серіктестік айына 10 мың тоннадан астам ұн шығарып, оны тек ішкі нарықта ғана емес, Ауғанстан елінде де саулалайды. Экспорттың арқасында мемлекет кәсіпорынға жолға, шетелдегі жарнамаға кеткен шығынның тең жартысын қайтарып отырады. Бірақ ол үшін жарты миллион теңге тұратын құжатты алуы тиіс көрінеді.  

Таисия КОЛЛЕГОВА, ЖШС КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ: 

Экспортқа кететін шығынды қайтару үшін құзырлы органдар бізден СТ-КЗ пен СТ-01 сертификаттарын талап етеді. Экспорт кезінде біз бұл сертификаттарды пайдаланбаймыз. Бізге оның қажеті жоқ. Ал оларды алу үшін біз қосымша жарты миллион теңгеге шығындалуымыз қажет. Сонда мемлекеттің демеуіне ие болу үшін біз қажеті жоқ құжаттарға ақшамызды жұмсауға мәжбүр боламыз.

Мемлекеттік субсидияға жауапты индустрия және экспорт орталығы бұл мәселеден хабардар. Сондықтан кәсіпкерлер ұсынысын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолдамақ.  

Айнұр БАЙҚАДАМОВА, «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ЭКСПОРТ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ ҚОЛДАУ ҚҰРАЛДАРЫ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Кейбір елдер қазақстандық тауарды импорттаған кезде СТ-КЗ, СТ-1, СТ-2 сынды сертификаттарды талап етпейді. Сондықтан жуық арада отандық экспорттаушы компаниялар "Қазақстанда жасалған" деген құжатпен ғана жұмыс істейді. Яғни, барлық сертификаттар күшін жояды. Мемлекеттік субсидия алатын компаниялар бізге осы құжатты ғана ұсынады.

Солтүстік өңірде ұн өңдеу ісі қарқын алып келеді. Кәсіпорындар өнімді Қырғызстан, Ауғанстан, Тәжікстан мен Өзбекстанға экспорттап келді. Бірақ қазір соңғы екеуі ұнмен өзін-өзі қамтуға көшкен. Сондықтан өңір тауарөндірушілері жаңа нарық іздеп, Қытайға бет бұра бастады. Алайда, бұл елде сауда-саттық талаптары біршама күрделі көрінеді. 

Қанат БАЙМҰХАМБЕТОВ, ЖШС ДИРЕКТОРЫ: 

Қытай ұнның кілегейлігіне көп мән береді. Оларда ұнның өз стандарттары бар. Сондай-ақ, бұл елде бәсекелестік жоғары. Сондықтан әркім өз тауарын әдемілеп қаптап сатуға тырысады. Қазақстандық компаниялар осы талаптарды орындаса, Қытай нарығын бағындыруға болады.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Енді Қытайға бет алған кәсіпкерлер бас ауруға айналған керексіз құжат жойылса, шығын да азаяды деп отыр. Ол кезде шетелдегі өнімдері де арзандап, бәсекелестік арта түспек.

А. Құрманкин