Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұрлы Ертіс» бағдарламасымен берілген баспана 5 жылдан соң ғана жекешелендіріледі

  • AstanaTV
  • 31 шілде 2019
  • 3283

«Нұрлы Ертіс» бағдарламасымен берілген баспана 5 жылдан соң ғана жекешелендіріледі. Қазіргі уақытта бас қаладан Екібастұзға 102 отбасы қоныс аударды. Ал 31 отбасы көшуге дайын отыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы «Тұрғын үй қоры» мемлекеттік мекемесінің өкілдері мәлімдеді. Айта кету керек бағдарлама аясында Павлодар облысы әкімдігі тұрғын үй берумен қатар, ересектерді жұмысқа орналастыруға міндеттеледі және көпбалалы отбасынан шыққан балаларға балабақшалар мен мектептерде тегін орындар беріледі. 

Нұрсұлу ҚОЖАХМЕТОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ «ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫНЫҢ" ДИРЕКТОРЫ :

Көпбалалы отбасыларға жалпы ауданы 78-80 шаршы метрді құрайтын яғни 3 бөлмелі 122 пәтер қарастырылған, ай сайынғы жалдау ақысының құны бір шаршы метр үшін 99 теңге яки бүтін бір пәтерге айына 7722 теңгеден 8000 теңгеге дейін. Қазіргі уақытта 2 бөлмелі пәтер үшін қолайлы отбасы құрамымен көшуге ниет білдірушілерден өтініштер қабылдау жалғасып жатыр. 

Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үй кезегінде тұрғандардың жалпы саны 47 мың адамнан асады. Әкімдік ақпараты бойынша биыл кезекте тұрған 1700-ге жуық адамға пәтер беру жоспарланған. Оның 731-і жалға берілетін тұрғын үй болса, 200-ден астамы көпбалалы отбасыларға, 105-і жетім балаларға, бір пәтер Екінші дүниежүзілік соғыс ардагеріне, 277-сі халықтың әлеуметтік осал топтарына, 115-і мемлекеттік қызметшілерге және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне арналған. Бұдан бөлек, 900-ден астам несиелік тұрғын үй жоспарланған, оның ішінде 400-ден астамы кезекте тұрғандарға беріледі.

Әнуар САИПОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

2020 жылы коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру бойынша 1640 пәтер беру жоспарланған. оның 718 жалға берілетін тұрғын үй ретінде береміз деп жоспарлап отырмыз.  

Айта кету керек, толық емес отбасылар, көпбалалы отбасылар және мүгедек балалары бар жанұялар үшін «Бақытты отбасы» атты "Тұрғынүй Құрылыс Жинақ Банкі" арқылы 2 пайыздық несие беру бағдарламасы іске қосылды. Бүгінгі күні 80 адамның өтініші мақұлданған. Ал барлығы мыңнан астам өтініш түскен көрінеді. 

Н. Біләл