Биыл киелі Мекке-Мәдине жеріне 3200 қазақстандық қажылыққа барады. Бүгін соның алғашқы легі 300-ден астам адам Алматыдан Сауд Арабиясына аттанды. Үлкен қажылыққа барушылар жылдағыдай Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент, Ақтау қалаларынан ұшады. Осы жылы олар үшін Сауд Арабиясына қатынау мейлінше жеңілдетіліп отыр. Яғни Алматыдан Жидда мен Мединеге тікелей рейстер ашылған. Бірден 2 ұшақ қасиетті Қағбаға қазақ мұсылмандарын тасымақ. Биыл Сауд Арабиясының Қажылық министрлігі Қазақстанға 3200 квота бөліп отыр. Меккеге жету науқаны 5-ші тамызда аяқталуы тиіс екен. Ал қажыларымыздың соңғы легі 23-ші тамызда қайтады.
Алау ӘДІЛБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ол жерге барған адамдар ерекше құлшыныспен, ерекше шабытпен оралады. Бүкіл қажыларымыз қажылығымыз қабыл болса екен деген ниетпен барады. Бүкіл істеген жаман пиғылдарынан тазарып келсем екен деп барады. Сондықтан көптеген қажылардың өмірінен өзгерістерді байқап жатамыз.
Ә. Лесбек