Русский Сайттың толық нұсқасы

АҚШ-та атыстан 29 адам қаза тапты

  • AstanaTV
  • 05 тамыз 2019
  • 1763

Өткен демалыс күндері АҚШ-тың бірнеше қаласында атыс-шабыс болып, 29 адам қаза тапты. Ондаған азамат ауыр жарақатпен ауруханаларға түскен. Ел президенті Доналд Трамп опат болғандардың үй-ішіне көңіл айтты. Жантүршігерлік оқиғалардың мән-жайы келесі бейнематериалда.

Америка жұрты атыс құрбандарын аза тұтты. Гүл шоқтарын апарып, майшам қойып жатқан кісі қарасы көп. Қанды қырғын бір тәулік ішінде үш бірдей қалада - Эль-Пасо, Дейтон мен Чикагода болған. Төтенше жағдайды "FBI" тергеп-тексеруге кірісіп кетті. Дональд Трамп қылмыспен қатаң күресеміз деді.

Дональд ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Біздің елде өшпенділікке орын жоқ. Мен барлық құзырлы органдармен сөйлестім. Қазір Конгресс мүшелерімен не істеуге болатынын ойластырып жатырмыз. Бұл жылдар бойы жалғасып келе жатқан жағдай. Біз мұны тоқтатуымыз қажет.  

Әдеттегі мамыражай уикенд Техастағы Эль-Пасо қаласында бұл жолы атыспен басталды. 21 жасар Патрик Крузиус «Уолмарт» супермаркетіне кіре сала оқ жаудырып, 20 адамды өлтірді. Тағы соншасын жарақаттады. Жергілікті биліктің ақпарына сенсек, қылмыскер аталмыш оқиғаның алдында ғаламторда иммигранттарға қарсы манифест жариялаған екен. Айыпталушыға өлім жазасы кесілуі мүмкін. 

Джейме ЭСПАРЗА, ПРОКУРОР: 

Біз оған өлім жазасын сұраймыз. Бұл - сұмдық жағдай. Біздің қоғамда мұндай болған емес. Мен өзім сол супермаркетте болғам, бәрін өз көзіммен көрдім. Өлім жазасы - ауыр жаза екенін түсінемін, бірақ ол біздің арамызда өмір сүру құқығынан айрылды.

Осыдан бірнеше сағаттан кейін тағы бір атыс болды. Бұл жолы - Огайо штатында. Оқ өткізбейтін кеудеше киген Конор Беттс Дейтон қаласының көшесінде атыс жүргізген. Бір минутқа жетер-жетпес уақытта жауыздың қолынан 9 адам ажал құшып, 20 кісі жарақат алды. Кейін белгілі болды, опат болғандардың арасында қылмыскердің әпкесі де бар екен. 

Ричард БИЛ, ДЕЙТОН ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Бірнеше қаруы болған. Оның біреуі Техастан онлайн тапсырыс арқылы алынғаны анықталды. Алайда айыпталушы оны қаладағы дилерлерден алған. Ал екіншісін басқа бір дилерден сатып алған.

Үшінші қанды қырғын Чикагода болды. Жексенбіге ауған түні қарулы адамдар автомобильдің ішінен Дуглас саябағындағы кісілерге төпелетіп оқ атқан. 7 адам жарақат алды. Айта кетейік, америкалықтардың атыс қаруын ұстауға заңды құқықтары бар. Алайда оны алып жүру ережелері әр штатта әр түрлі. 

Д. Қайыртай