Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордалық балаларға мерзімі өтіп кеткен дәрілер берілген

  • AstanaTV
  • 08 тамыз 2019
  • 3504

Ал Қызылорда балабақшаларындағы балаларға мерзімі өтіп кеткен дәрілер берілген. Бұл сорақылық мектепке дейінгі мекемелерді тексеру кезінде анықталған. Тексерушілер тіпті кейбір дәрілердің ересектерге арналғанын да анықтапты. Ал балаларға берілген тағам сапасы туралы айтуға ауыз бармайды. Өйткені қоймалардан іріп-шіріп кеткен жемістер мен сүт табылған. Балабақшадағы былық туралы келесі бейнематериалда. 

Сырты бүтін, іші түтін. Былыққа батқан бұл балабақша туралы басқа лайықты сөз таппайсыз. Мекеменің қоймасынан әлдеқашан іріп-шіріп кеткен алмұрттың үш жәшігі табылды. Ал мыңдаған йогурттың жарамдылық мерзімі бір аптадан кейін бітеді. Өкініштісі мұның бәрі балалардың күнделікті қорегі. 

Гүлназ РҮСТЕМБЕКОВА, ҚЫЗЫЛОРДА қ. № 32 «ҚЫЗҒАЛДАҚ» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ ШАРУАШЫЛЫҚ МЕҢГЕРУШІСІ:

Алмұрттарды енді қазір жаз айында сақтау өте қиын ғой. Кеше қабылдап алғанмын, соны енді қарамай алғанмын ғой қабылдаған кезде. Йогурт артық әкеліп қойған. Поставщиектерге қайтарып береміз.

Ал мына балабақша қызметкерлері қойманың қай жерде екенін тап басып айта алмай, қиналды. Өйткені жертөлеге ұқсайтын мына мекенді табу да оңай емес. Ал ішіндегі азық-түліктің қандай күйде екендігін көрген мамандар жағасын ұстады. Екі мың литр сүттің жарамдылық мерзімі 25 мамырда өтіп етіпті. 

Жаңылсын САТЫБАЛДЫҚЫЗЫ, ҚЫЗЫЛОРДА қ. №8 «БҮЛДІРШІН» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: 

Жалпы 140 балаға арналған. Енді қазіргі таңда бізде 70-80 бала болып тұр. Біз тендермен аламыз ғой бар заттын бәрің. Кәсіпкердің баста алған кезде ол май айына дейің біз 140 баламен есептеп, алып қойғанбыз. Бірақ бізге кәсіпкер ауыстырып беріп жатыр. Бірден ауыстырып бере алмайтын шығар.

Ал «Бегім ана» балабақшасындағы жағдай бұдан да сорақы. Мұндағы медпунктте мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен дәрілер сақталғаны аздай, балаларға беріліп келген. Арасында гипертонияға шалдыққан ересектерге арналған дәрілер де бар. Ал медбике бұл препараттардың балабақшада қалай келгенін айта алмай дағдарды. 

Жандос ТҰСМАҒАМБЕТОВ, «АҚМЕШІТ-АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Балабақшаларда 2014, 15-16 жылғы жарамдылық мерзімдері біткен дәрі-дәрмектер сақтаулы және пайдаланып жатыр. Балаларға беруге тыйым салынған түрлі дәрі-дәрмектерде сақтаулы. Медбикелер нақты, не үшін сақтаулы екенінеде жауап бере алмады. Бірақ балаларға беретіндерің айтып отыр. Сонымен қатар, ойыншықтар өте аз. Балалардын ешқандай дамуына, ойнауына ешқандай мүмкіндік жоқ.

Тексерушілер бүкіл ақпаратты білім бөліміне тапсырмақ. Бірақ үндемей құтылуды жөн көрген білім бөліміндегілер ең алдымен тексерушілердің құжаттарымен танысуды жөн көріп отыр. Содан кейін ішкі тексеру жүргізіп, кінәлілерде жазаламақ.

Ш. Сақтапова