Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО мен Ресей шекарасындағы кептеліс азаяр емес

  • AstanaTV
  • 09 тамыз 2019
  • 3217

Батыс Қазақстан облысы мен Ресей шекарасындағы кеден бекетінде тағы да кептеліс пайда болды. Жүйкесі жұқарған жүк көліктерінің жүргізушілері ел іргесінде кезегін бірнеше күннен бері күтіп тұр. Олар бұл көріністің жыл санап қайталанып, тиісті мекемелердің қамсыз отырғанына ашулы. Оқиға орнынан Еркін Карин тарқатады.

Бүгін Ресеймен арадағы шекарадағы 200-ге тарта жүк көлігі кезегін күтіп тұр. Солардың бірі - Мұзафар Яндашев. Мұнда кезек күткеніне екі күннен асыпты. Тауары бұзылмаса да, уақытынан кешігіп барады. 

Мұзафар ЯНДАШЕВ, ЖҮРГІЗУШІ: 

Шекарада тұрғанымызға екі сутка болды. Әлі өте алмай жатырмыз, че за бардка? Түсінбей жатырмыз. Таможенниктер вообще жұмыс істемей жатыр. Туалет, асхана деген жоқ мұнда. Мұндай жағдай жоқ. Тек қана өзіміз амалдап, страховщиктерді өтініп, теңгесін беріп тұрып жатырмыз.

Қазір шекарадағы тексеру күшейтілген. Өйткені тиісті құжатсыз шекара аспақшы болатын пысықайлар азаяр емес. Бұған дейін кеден бекетінде пара алған екі жауапты қызметкер ұсталыпты. Сондықтан тексеруші мен жүргізушілер тікелей қарым-қатынаста болмауы тиіс. Сыбайлас жемқорлық сонда ғана тыйылады, дейді мамандар. 

Нұрдәулет СӘМЕТ, БҚО БОЙЫНША СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Жүкті тез арада шекарадан ешқандай мәселесіз өткізу үшін мысал үшін өздерінің құжаттарында кейбір кейбір кедергілер, дұрыс емес мәліметтер болса, мәселе болмауы үшін қызметкерге пара ұсынуы да мүмкін.

Шекарашылар мұның маусымдық көрініс екенін айтып жұбатады. Өйткені жазда сауда күшейіп, көлік көбейеді. Айтуларынша бір жүк көлігін тексеруге 20 минут жұмсайды. Дегенмен шекарадағы жағдайды тексерген мониторингтік топ бекет басында интернеттің жылдамдығы баяу екендігін әрі құжаттардың дұрыс рәсімделмейтінін жеткізді. 

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Шекарадағы кептелістің тағы бір себебі - құжаттары дұрыс болмағаны көлігі кері айналып шыға алмайды. Мысалы, мұндай көліктердің ұзындығы орташа есеппен 15-18 метр деп алсақ, мына жерден үлкен жүк көлігі түгілі, жеңіл көліктің өзі әрең өтеді.

Ресейде салмағы 12 тоннадан асатын жүк көліктері ақы төлейді. Ал Қазақстан аумағымен өту тегін. Сондықтан бәрі еліміздің батыс қақпасынан өтуге ұмтылады. Қазір шекара бекетіндегі тексеру аймағы кеңейтіліп, сегіз жолақты жол салынып жатыр. Мамандар шекарадағы кептеліс осыдан кейін жойылады деп сенеді. Бірақ жол салынып бітуіне әлі екі ай бар. 

Е. Карин