Бірде бір жеңіліссіз! Төрт ойынның барлығында жеңіске жеткен «Барыс» хоккей клубы Қазақстан Республикасы Президентінің кубогын иеленді. Соңғы ойынды Ресейдің «Салават Юлаев» командасымен өткізген Андрей Скабелка шәкірттері 2-1 есебімен басым түсті. Айта кетсек, осымен 10-шы рет өткізілген Президент кубогін елордалық клуб 5-ші мәрте жеңіп алды. Екінші орын «Автомобилистке», үшінші орын «Ак Барсқа» бұйырды. Сондай-ақ жеке номинациялар бойынша үздік ойыншылар да марапатталды. Атап айтсақ, барыстық Эдуард Паскуале - үздік қақпашы, Даррен Диц - үздік қорғаушы, Дастин Бойд - үздік бомбардир атанды. Ал Салават Юлаев командасының ойыншысы Родион Амиров - үздік шабуылшы болып танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге марапаттарды премьер-министр, Хоккей федерациясының президенті Асқар Мамин тапсырды.
Ә. Өмірзақ