Көктөбедегі алапат өрттен қаза болған адамның кім екені әлі белгісіз. Мамандар мәйітке сараптама жасамақшы. Кешілі-бері Іле Алатаудың бөктеріндегі көрікті - Көктөбе қайта-қайта тұтанып, төтенше жағдай мамандарды аяғынан тік тұрғызды. Қызыл жалын бір адамның өмірін жалмады. Оқиға орнында болған әріптесім Әсем Лесбектің репортажы.
Көктөбе телемұнарасының маңында өрт кеше екі жерден тұтанған. Оны әупірімдеп ауыздықтағанмен, бүгін бұл аумақта жалын қайта бас көтерді. Төтенше жағдай мамандары мен полиция қызметкерлері өртті сөндірдік деп отыр. Бірақ жағдай бақылауда дейді. Қызыл жалын 10 гектар аумақты жалмапты. Жалынды басуға екі тікұшақ жұмылдырылған.
Серік ӘУБӘКІРОВ, АЛМАТЫ ҚАЛЫЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Екі алапат өрттің бір-біріне ешқандай қатысы жоқ. Екінші апат ошағына қалалық гарнизонының барлық жеке құрамы өрттің ең жоғары үшінші дәрежесі бойынша көтерілді. Түнгі уақытта отты ауыздықтау қиынға соқты. Ол жерден бір адамның мәйіті табылды.
Қаза тапқан азаматтың әзірге кім екені белгісіз. Қалалық полиция департаменті қазір мәйітке сараптама жұмыстарын тағайындапты.
Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ IIД РЕСМИ ӨКІЛІ:
Ол адамның жеке басын анықтау үшін қазіргі таңда генетикалық және геномдық сараптамалар тағайындалды. Ал адамның өлімінің себеп-салдарын нақты анықтау үшін сот медициналық сараптама тағайындалды.
Сол маңда тұратын тұрғындар мұндай қайталанып тұратынын айтады. Олар осындай жағдайдан кейін жыландар қаптап кетеді деп отыр.
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Таудың басында әрдайым жел тұрады, қызыл жалын тез тарап кетеді. Мұндай оқиғалар 3-4 жыл сайын қайталанып тұрады. Біз үшін ең қауіптісі ауламызда жыландар көбейіп кетеді. Балалар аулаға ойнауға жылғыз жіберіп қоя алмаймыз.
Ал эколог Мэлс Елеусізов мұндай жағдайға тұрғындар өздері кінәлі дейді. Күн ысыған сайын қураған ағаштар мен шөптердің тұтану қаупі бар екенін естен шығарып алады дейді.
Мэлс ЕЛЕУСІЗОВ, ЭКОЛОГ:
Үкімет оны жақсылап қолға алу керек. Жыл сайын үкімет дайындалып ылғи халықты дайындап, үгіттеп не істеу керек, қалай істеу керек көмектесу керек. Көп өрт халықтан шығып жатыр. Темекі тартқан адам шоғын тастай салады бітті кетті .
Айта кетейік жалпы кеше кешкісін тұтанған жалынды төтеншеліктің 1500-ден астам қызметкері мен 70 арнайы техника сөндірген. Қазір жағдай әлі де бақылауда болмақ.
Ә. Лесбек