Русский Сайттың толық нұсқасы

Қырғызстан президенті А.Атамбаевты саясат сахнасынан ығыстыруға тырысып жатыр - Д. Сәтпаев

  • AstanaTV
  • 13 тамыз 2019
  • 3532

Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды. Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің жетекшісі Орозбек Опумбаев осылай мәлімдеді. Мұны жергілікті БАҚ хабарлады. Ал Атамбаев пен оның адамдары арнайы жасаққа қарсы шыққан ауыл тұрғындарына ақша төлеген деп отыр. Тіпті арнайы операция туралы ақпарат берген бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жетекшісі мен Ішкі істер министріне ақша ұсынған деп хабарлады. Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев мұның бәрі саяси ойын деп отыр. Келер жылы Қырғызстанда Парламент сайлауы өтеді. Сондықтан қазіргі президент өзін мұрагер еткен Атамбаевты, яғни басты қарсыласын саясат сахнасынан ығыстыруға тырысады деп мәлімдеді. Кезінде бұл әдісті Алмазбек Атамбаевтың өзі де қолданғанын айтты.

Досым СӘТПАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Сооронбай Жээнбеков үшін Алмазбек Атамбаев қауіпті. Ол кезінде билікке келуіне көмектескен адам, ал ешкім біреуге борыштар болғысы келмейді. Әдетте мұндай адамдарды ығыстырады. Келер жылы Парламент сайлауы өтеді. Жээнбековке бәсекелестік тудыратын Атамбаевты алып тастау маңызды. Екеуінің де мақсаты - билікті уысында ұстау. Бірақ Атамбаевты ығыстырғанымен оның орнын оппозиция басады. Сондықтан Жээнбековке арқасын кеңге салуға болмайды.

Айта кетейік, "Альфа" арнайы жасағының Атамбаевты ұстау операциясы сәтсіз аяқталған еді. Ауыл тұрғындары араласқан қақтығыстан 80 адам жарақат алып, арнайы жасақтың бір қызметкері оққа ұшты. Кейін күштік құрылымдар бірлесіп, экс-президентті ақыры ұстады. Оған ел басқарған кезде криминалды авторитет Азиз Байтықовты заңсыз босатып, жемқорлыққа жол берді деп айыптаған еді. Ол 26 тамызға дейін қамауға алынды. 

Г. Меңдеева