Русский Сайттың толық нұсқасы

Заңгер құрылысы аяқталмаған "Жағалау-4" ТК тұрғындарына сотқа жүгінуге кеңес берді

  • AstanaTV
  • 15 тамыз 2019
  • 4872

Астанадағы Жағалау-4 тұрғын үй кешенінің халқы бас көтерді. Олар 5 жыл күткен үйдің құрылысы шала-шарпы жасалған деп ашынып отыр. Ал үйді көтерген құрылыс компаниясының кем-кетікті жөндеуге ақшасы жоқ көрінеді. Тұрғындар енді шыдай алар емес. Өйткені кәріз құбыры қайта-қайта жарылып, сасық иістен әбден берекелері қашқан. Ақерке Бектастың репортажы.

- 2016 жылы қыркүйекте береміз деп үйімізді көріп, мәз боп кеткен адамбыз. Содан әне береді, міне береді деп 2 жыл күттік. 2018-де кірдік. До того әлі біткен жоқ! 

Бұл - «Жағалау-4» кешеніндегі тұрғындардың жанайқайы. Көбісі үйді ипотекалық қарызға алған. Баспанаға әрең қол жеткізгенімен мұндағы ойын алаңы салынбаған. Көлік тұрағының құрылысы да бітпепті. 

- Бүкіл машина осының үстінде. Ертең баламыз көлік астына түсіп кетсе, кім жауап береді мысалы?! 

- Детские площадки посмотрите в каком виде! У меня впечатление, что они их привезли со свалки. Списанные какие-то.

Бұл кешеннің кемшілігі мұнымен бітпейді. Жаңа үйдің құбырлары да жарыла беретін көрінеді. Тұрғындар жарты жылдан бері сасық суға тұншығып отыр. 

Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ: Кәріз суы мына үй іргесіндегі аулаға жиналып, батпаққа айналған. Иісі енді қолқаны қабады. Ал жел тұрып, жаңбыр жауса ол үдей түседі, дейді тұрғындар. Тіпті сасық иістен қысы-жазы терезелерін де ашпайтын болған. 

Бағдат БЕРІКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: 

Мүмкін емес! Ойласаңыздаршы, Астананың төрі ғой мынау сол жағалау. Мынаның иісі зардабын білмеймін енді, Құдай сақтасын! КСК ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Тиісті мекемелерге арыз жаздық. 

Бағдат Беріков сол сәтте-ақ пәтер иелері кооперативіне қайта хабарласты. Жауаптылар 300-ге жуық пәтердің әрқайсысынан айына шамамен 4000 теңге алып отыр. Бірақ жағдаймен бұрыннан таныс олар мәселені бір-біріне сілтеп бақты. 

 - Мәселе қашан шешіледі?

- Нақты айта алмаймын. Сізге айтатын нақты жауабым жоқ! Инженерге хабарласыңыз, сол білетін шығар. 

Үйдің құрылысын «АСИ» компаниясы 5 жыл кешіктіріп, аяқсыз қалдырған. Тек былтыр баспана пайдалануға беріліп, "Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі" арқылы халыққа берілді. Бірақ банк тарапы мәселені реттеуге қауқарсыз. 

Наталья КУТЛИНА, «ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІ» АҚ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ МАМАНЫ: 

Үй тұрғындарға берілді. Банк бар мәліметпен танысып шыққан соң, несие бере бастады. Банк тарапы жобалауға, құрылысқа және пайдалануға беру процесіне араласпайды. Біз тек жауапсыз құрылыс компаниясын табуға көмектесе аламыз!

Ал Есіл аудандық әкімдігінің мәліметінше, құбырды қалпына келтіруге құрылыс компаниясы жауапты. "Бірақ жөндеу жұмысына компанияның ақшасы жоқ» деп жауап берді. 

Кәріз желілері Нұр-Сұлтан қаласының коммуналдық меншігіне берілмеген. Құрылыс салушы «Иск «Аси» ЖШС теңгерімінде. Бүгінгі таңда құрылыс салушының апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге қаражаты жоқ. «Есіл» ауданының әкімдігі «Астана Су Арнасы» МКК немесе үшінші тарап ұйымдары күшімен апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу бойынша мәселелерді қарастыруда.

Ал белгілі заңгер Жандос Тұяқов мәселе жақын арада шешілмесе, сотқа жүгінуге кеңес береді. 

Жандос ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР: 

Құрылыс нормаларына сәйкес келмейтін болса, оны мемлекеттік қабылдау комиссиясынан қалай өтті деген мәселені үй тұрғындары құзіретті органдарға жазуына болады. Жеке комиссияның тексеруі арқылы. 

Заңгер тұрғындар міндетін орындамаған мердігер компаниядан қаражат та өндіре ала деп отыр.  

А. Бектас