Русский Сайттың толық нұсқасы

Ольгинкада Сібір жарасы: тұрғындар ауру малдың 10 келі етін жеп қойған

  • AstanaTV
  • 19 тамыз 2019
  • 5245

Ақмола облысының Ольгинка ауылына қарасан келді. Сібір жарасын жұқтырған бес тұрғын қазір ауруханада. Төрт қасапшының диагнозы нақтыланды. Ал ауру малдың етін жегендер бар болып шықты. Абай Сейфулла қарасан шыққан ауылға барып, жағдайды өз көзімен көріп келді. 

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ :

Біз Елордадан үш сағаттай жерде орналасқан Ольгинка елді мекеніне келдік. Ауыл шаруашылығы министрлігі эпизоотияға қарсы отряд өкілдері ауылды кіреберісте күзетіп тұр. Ешкімді кіргізіп, шығармайды. Ауылды айнала осылай қазып тастаған. Сыртта жұмыс істейтіндерді арнайы тізіммен медициналық тексеруден кейін ғана жібереді. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша ауылда қазір кезекші дәрігерлер жұмыс істейді. 260-қа тарта тұрғыны күн сайын тексеруден өткізіп отыр.

Көліктерді химиялық затпен тазалап қана шлагбаумнан өткізіп жатыр. Ауылға қаладан нан әкеле жатқан көлік жүргізушісі уайымдап, шу көтеретіндей ештеме жоқ деп сендірді.  

АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ 

Пост арқылы өттік. Екі көлікке рұқсат берген. Тұрғындарға нан, азық түлік әкеле жатырмыз. Осында тудық, осында өлеміз. Қорқатын дәнеме жоқ.

Елді мекеннің бес тұрғыны тамыздың басында білместіктен ауру сиырды сойып, етін округтегі үш ауылға сатқан. Тексерушілер еттің 80 пайызын алып қойыпты, 20 пайызын жұрт жеп үлгерген.  

Зәуреш ЖҰМАДІЛОВА, ҚР ДСМ ТАУАРЛАР МЕН ҚЫЗМЕТТЕР ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА ЖЕТЕКШІСІ:   

10 келісі желінген. Барлығы 144 келісін алып, жойдық. Олар етті сатып алған. Малдың 20 пайыз етін жегендер қазір қатаң бақылауда. Асып жегеннен кейін оларға аса қатты қауіп төніп тұрған жоқ. Ал етті сақтағандарды анықтау үшін аулаларды аралап, тұтынғандардың температурасын күніне 2 рет тексереміз. Ол Ольгинка, Николаевка, Аршалы тұрғындары.

Қазір етті алған үйлердегі 95 адам тексеріліп жатыр. Ал қасапшылар өздері етті жемегендіктен, тек терілеріне зақым келген. Ал жауаптылар ауылдағы карантин 15 күнге жалғасады деп отыр.  

Арман ӨТЕҒҰЛОВ, ҚР АШМ ВЕТЕРИНАРЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:   

Елді мекендегі малдың бәріне күн сайын бақылау жүргізіп жатырмыз. Күн сайын температурасын өлшеп жатырмыз. Қазір малдың бәрі иелерінің өздерінің қолдарында. Елді мекендегі малдың саны - 323 ірі қара. 113 қой, 146 шошқа, 56 жылқы.

Аршалы ауданы әкімінің орынбасарына телефон соқтық. Ауылдағы мал түгел сәуірде сібір жарасына қарсы вакцинадан өткізілген.  

Әсет БАЛТАШЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ АРШАЛЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Вакцина миллионнан бір малға ғана әсер етпей қалуы мүмкін. Қазір оны нақты айта алмаймыз. Ветеринарлар ауру ошағын іздеп жатыр. Басқа малға ауру тарап кетеді деген қауіп жоқ. Қазір бәрі сау. Ауылдан сыртқа ет-сүт өнімдері шықпайды.

Қазақстанда 2500 Сібір жарасының ошағы бар. Оның әрбір оныншысы Ақмолада. 27 мың гектарды алып жатыр. Аршалы ауданында қарасан ауры соңғы рет 1998 жылы тіркелген. 

А. Сейфулла