Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылда 1500 шаруа субсидия ала алмай отыр

  • AstanaTV
  • 21 тамыз 2019
  • 2798

Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы ақсап тұр. Өңірде субсидия беру тоқтаған. Мәселені облысқа жұмыс сапармен барған мәжіліс депутаты Марат Бопазов та сынға алды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше қазір бір ғана мал шаруашылығы саласында 1500-ден астам шаруа қожалық субсидия кезегінде тұр. Қожалықтарға қаржы неге берілмей отыр, Данияр Әлімқұл тараптарды тыңдады. 

Өңірге жұмыс сапармен келген мәжілісмен мал шаруашылығы саласындағы келеңсіздіктерге қанықты. Депутат шаруаларға субсидия беру тоқтап тұр деп дабыл қақты.  

Марат БОПАЗОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ДЕПУТАТЫ, "NUR OTAN" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Ауыл шаруашылығында субсидия жағы уақытында берілмей жатыр екен. Облыс жағынан ба? Республика жағынан ба? Агрофинанс, ауыл шаруашылығы министрлігінен бе? Мұндай кемшіліктер бар екен. Әрі қарай келесі облыста қызылшаны салу мөлшері кеміп кеткен.

Ал, Талас ауданының тұрғыны Берік Қасымовтың қаржылай қолдауды күте-күте күдері үзілуге жақын. Субсидияның қашан берілетінін білмек болып алыстағы ауылынан әкімдікке келген. Шаруа ерте көктемде Германиядан 80 млн теңгеге асыл тұқымды 112 бас цимменталь сиырын алып келеді. Енді селекциялық жұмыстар жүргізіп, етті, әрі сүтті бағытты дамытпақ. Алайда, мемлекеттік субсидияға мұқтаждығы ісін ілгері бастырмай тұр.   

Берік ҚАСЫМОВ, ЖЕКЕ ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

Әр мал басына 225 мыңнан қарастырылған, сонда біздің 112 бас малға 21 млн теңге берілуі керек, Үкімет тарапынан. Субсидия ала алмай отырмыз, бүгін басқармаға кіріп шықтық. Басқарма бізге қаражаттың болмауына байланысты жоғары жаққа өтінімдер беріп қойдық деп айтып, шығарып салып отыр.

Аймақтағы салаға жауаптылар биыл мал шаруашылығы саласына 7 жарым млрд теңгеден асатын субсидия қажет екенін айтты. Бұл қыруар қаржы 1 жарымнан астам қожалыққа берілуі тиіс болған. Алайда... 

Қайрат АМАНОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ АШБ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Осы 7,6 млрд теңгенің жыл басынан бері 3,6 млрд теңгесі берілді. Оның ішінде берілген қаражаттың 3 млрд теңгесі өткен жылдың қарызын жабуға байланысты кетті. Қалған 700 млн теңгесіне қосымша жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлініп, бүгінгі күні 1,7 млрд теңге көлеміндегі қаражатты шаруаларға беруге байланысты құжаттары рәсімделуде.

Шенеунік құжаттар рәсімделгеннен соң, қыркүйектен бастап субсидия толық берілетінін уәде етті. Дегенмен бұдан бөлек, тағы 5 млрд теңгеге жуық қаржы қажет деп отыр. Сондықтан олар Ауыл шаруашылық министрлігіне хат жолдапты.  

Д. Әлімқұл