Жолда сексенмен жүру қауіпті ме? Алматыдағы әл-Фараби даңғылында жылдамдықты көбейту төңірегіндегі дау жалғасып жатыр. Тұрғындар көлік апаты қайтадан күрт көбейеді дейді. Ал әкімдік айтқанынан таймай, жол белгілерін өзгертуді бастап кетті. Тілші толықтырады.
Бүгінде алматылықтардың бар назары әл-Фараби даңғылында. Қаланың бұрынғы билігі көлік жылдамдығын қауіпсіздік үшін азайтқан еді.
Давид КАМИНСКИ, АРХИТЕКТОР:
Әл-Фараби даңғылы о баста жылдамдықпен басып өтетін айналма жол ретінде қарастырылмаған. Қаланың ішімен өтетін магистральдар, көше тораптарына байланыспауы керек. Яғни ол, эстакадамен немесе туннельмен кету керек. Ал әл-Фараби кәдімгі қала көшесі. Магистральдарға қойылатын талапты, кәдімгі көшеге енгізуге талпына береді.
Ресейлік танымал блогер Илья Варламов Алматыдағы көлік жылдамдығын өзертуге қатысты үлкен мақала да жазған. Жылдамдықты арттыру - өлім санын қолдан көбейтумен тең,- дейді ол.
Илья ВАРЛАМОВ, УРБАНИСТ:
Мына шешім тек экологиялық жағдайды нашарлатып, Алматыны қауіпті шаһарға айналдырады. Ең сорақысы - қаланың бұрынғы басшылығы көшелердегі жылдамдықты азайту үшін үлкен саяси тәуекелдерге барған. Ал бұлар олардың еңбегін сызып тастай салды.
Полиция болса, соңғы кезде керісінше қалада жол көлік апаты азайған жоқ, өлім көбейіп кетті дейді. Бірақ көбіне өлім-жітім 80-ге дейін басуға рұқсат беретін Момышұлында болғанын өздері растайды. Дегенмен сағатына «60» шақырыммен шектейтін белгілерді әлі шешіп үлгермеген. Жаңа биліктің бұл әрекетіне қатысты бұрынғы әкім, қазіргі Нұр-Отан партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те пікір білдірді.
Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Алматы жол-көлік апаттары бойынша Қазақстанда ғана емес, әлемде алдыңғы орында. Бұл жерде ең бастысы жүздеген қайғы-қасірет және оның қиындықтарын ескеру керек. Біз әлемнің үздік тәжірибелеріне сүйене отырып, шешім қабылған - ек. Қауіпсіздік - ол «Алматы 2020» бағдарламасының ең басым бағыттарының бірі болды.
Полиция кеше қайтадан Саин көшесіндегі жылдамдықты сексенге көбейтпейміз деген шешімге келіпті. Момышұлы мен "Автоцонға" апаратын жолдағы жылдамдық 80-нен 60-қа түсетін болды. Енді жол белгілерін өзгертіп, асфальтты қайта бояу керек. Полиция департаменті жаңашылдық күшіне енетін күнін алдын ала хабарлаймыз деді. Әл-Фараби бойындағы тұрғындар тыныштығымыз қайта бұзылады деп уайымдауда.
- Жылдамдықты сексенге арттыру жол апатын тудырады деп ойлаймын.
- Меніңше, 60 дұрыс еді. Себебі жаяу жүргіншілер жолды жиі кесіп өтуге тырысады. Қауіпті.
Көлік жүргізушілкердің де пікірі екіге бөлінді. Бірі жылдам жүрсе, экология нашарламайды, уақыт үнемдейміз десе, енді бірі газды басып, рөлге ие бола алмайтындар көптігін алға тартады.
А. Сейфулла