Русский Сайттың толық нұсқасы

Банктен несие ала алмай қиналғандар ғаламтор алаяқтарының құрбаны болып жатыр

  • AstanaTV
  • 22 тамыз 2019
  • 3343

Банктен несие ала алмай қиналғандар ғаламтор алаяқтарының құрбаны болып жатыр. Несие алып беруге көмектесемін дейтін әккілер олардың жеке куәліктерін пайдаланып, жұрттан ақша алып жүрген көрінеді. Редакциямызға келген жәбірленушілердің бірі Виктория Виктория Кореннова осылай деп отыр. Алаяқтар махинациясына Данияр Қайыртай үңіліп көрді. 

- Я хочу чтобы меня оставили в покое. Чтобы нашли вот этих вот мошенников.

Виктория Кореннова осыдан үш ай бұрын ақшадан қысылып, несие алмақ болады. Банкке барса, зейнетақы аударымдары жеткіліксіз болып шыққан. Амалсыздан ғаламтордағы жарнама сайты арқылы несие алуға көмектесетіндерге жүгінеді.  

Виктория КОРЕННОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ: 

Мессенджер арқылы сөйлестік. Лицензиясы барын айтты. Бәрі соншалықты нанымды болған. Алдымен төлқұжатымды жібердім. Сосын банкке барып, 25 мың теңге салуымды сұрады. Айтқанын орындадым. Сөйтіп 5 минут өткен соң, тағы 20 мың теңге жіберіңіз деді. Сонда ғана алданып қалғанымды түсіндім. Ақшамды қайтаруын талап ете бастап едім, нөмірін өшіріп тастады.

Бұл аздай әккілер Викторияның жеке куәлігін пайдаланып, енді басқа адамдарды алдап жүрген көрінеді. Ал оны әлеуметтік желілер арқылы тауып алған жәбірленушілер бопсалайтын болған. 3 айда 9 адам хабарласқан. Олардан да мән-жайды сұрадық.  

- Кредит алайын дегем, пенсионкаға ақша саламыз деді де 25 мың салып жібергем. Удостоверение жібергеннен кейін адресін тауып алғам, сосын звондадым Виктория дегенге, ол айтты «мен емеспін» деп, болды. 

- «Банкте» істеймін деді, сонда таныстарым бар дейді. Сөйтіп мен ол кісіге ақша жібердім, сол күйі жоқ болды. Өшіріп тастады номерларін, бәрін. Уотсапта блокировать етіп тастады. Сол беті жоқ, білмеймін.

Бұл жігіттер «Кімнің құрығына түссек те, «бастан құлақ садақа» деп отыр. Әрі қарай ізденгісі жоқ. Ал Виктория Кореннова өз аты мен ары үшін істі аяғына жеткізбек. Полицияға арызданған. Тергеушілер істі қолға алған. Заңгер алаяқтар жазасы ауыр екенін айтты.  

Думан ДҮЙСЕНБАЕВ, ЗАҢГЕР: 

ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін және де бұл жерде ұйымдасқан топ болса, немесе басқа да жағдайлар айқындалып жатса тергеу барысында 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.

Қалалық полиция департаментіндегілер интернет-алаяқтығы өршіп тұрғанын айтты.  

София ҚЫЛЫШБЕКОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

Жыл басынан бері 926 осындай алаяқтық фактілер, оның ішінде интернет арқылы жасайтын алаяқтық фактілер орын алған. Ол тіркеліп, қазіргі таңда 300-ден астамы ашылған. 36 адам ұсталған.

Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ: 

Интернет алаяқтарының құрбандары екеуара сөйлескен жазбалардың скриншотын, ақша аударғандағы чекті және басқа да деректерді полицияға ұсынуы керек. Құқыққорғаушылар сол кезде іс тез қаралып, қылмыс дереу ашылатынын айтады.

Д. Қайыртай