Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар облысында атаулы әлеуметтік көмек алған көпбалалы аналар қарызға батып қалды

  • AstanaTV
  • 23 тамыз 2019
  • 3459

Павлодар облысында атаулы әлеуметтік көмек алған көпбалалы аналар қарызға батып қалды. Айтуларынша мемлекет, берген жәрдемақысын кері қайтаруды талап етуде. Алды 700 мың теңгеге дейін қарыз болып қалған. Олар мұндай қомақты қаражатты қайтара алмайтындарын айтады. Амалы қалмаған тұрғындар ауылға келген жұмыспен қамту орталығының мамандарымен жаға жыртыса жаздады.

Шу шығарған аналардың айтуынша, олардан құжатты осы мамандар қабылдаған. Әкімдік қызметкерлері құжатты дұрыс сұратпау салдарынан түсінбестік туды дейді. Өйткені, отбасылардың кіріс мөлшерін есептегенде, мамандар тек сәуір айын ғана есепке алған деп отыр.   

Сайран МӘДЕН, ҚЫЗЫЛЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Басында мына құжатты сұраған болса, біз берсек, мына малдар көрінбей қалған болса, онда біз кінәлі едік. Ал бәрін көрсетіп тұр малымыз, сондықтан бізден басынан мына құжатты сұрамағандықтан, қателік кетіп тұр. Енді өздері 3 ай тағайындап беріп алып, бізге оны қайтадан қайтарыңдар дейді. 42 мың теңгемен күн көре алмай отырған халық бұны қалай төлейміз.

7 баласының анасы Айнұр Шаймұрат бұл жағдайды естігенде төбесінен жай түкендей күй кешкен. Аяқ астынан 640 мың теңге қарыз болып қалған. Енді ол отбасының 40 мың теңге кірісін қайда жеткізетін білмей дал.   

Айнұр ШАЙМҰРАТ, ҚЫЗЫЛЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Мың төлейемін ба? балаларымды сабаққа жіберемін ба? Киім алам ба, өзі ұл балалар. Киім алғанда бір балаға 100 мың кетеді ғой. Мектепке жібермейін 1 сенятбрда. Солай шешім отырмын. 

Дәл осындай жағдай бұл ауылдағы 8 бірдей көпбалалы отбасының басына түскен. Ашынған аналар жұмыспен қамту орталығы мамандарының салғырттығынан туындаған проблема деп отыр.    

Айнұр САХАБА, ҚЫЗЫЛЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Сабақтың күздің уағы, Мен өз басым дипломмен ауылға келген жас маманмын. үйім кредит мысалға. Оның үстіне мынаны да кредит қылып бөліп бөліп төлеңдер дейді. Бір жола төлей аламасаңдар, бөліп бөліп төледер дейді. Қалай мен екі бірдей кредитпен отырам мысалға. Декретте үйде отырған анамын. Күйеуімнің 40 мың теңгесін қайда жеткізем мен.

Жұмыспен қамту орталығының мамандары бүгін тұрғындармен кездесті. Бірақ, біздің түсірілім тобын көрген олар, жиналыстарын тастап кабинеттен шыға жөнелді. Тек орталық басшысы мәселені түсіндіру үшін қайта айналып келді.   

Елена БОБЧИХИНА, АҚСУ ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Тұрғын егер малын сойып тастаған немесе сатып жіберген болса, ветеринарға тіркетуі керек. Бұндай құжат жағын жасатпаған. Кеше 3 әйел әкімнің орынбасарының қабылдауында болды. Оларға да осылдай деп түсіндірдік.

Тығырыққа тірелген аналар үшін жалғыз жол бар деді заңгерлер. Олар құқықтық кеңес алуы қажет екенін айтады.   

Әлімбек АҒЫБАЕВ, ЗАҢГЕР: 

Саналы адамдардың атаулы әлеуметтік көмекті алуға кірісін жасыру бұл заңбұзушылық болып саналады. Ал адамдық тұрғыдан алсақ, мемлекеттік органдардың көмекке мұқтаж адамдарға бөлген қаржысын қайтаруы енді дұрыс емес.

 Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ: 

Қарызға батқан аналар бұл мәселе шешілмесе, аштық жариялайтындарын мәлімдеді. Ақсу қаласына қарасты Қызылжар ауылында 3 мыңнан астам халық бар. Оның 53 отбасы ғана атаулы әлеуметтік көмек алады екен.

Ө. Қуанар