Русский Сайттың толық нұсқасы

Қараөткел тұрғындары электр тарату компаниясына қосылу үшін қыруар қаржы төлеуге мәжбүр

  • AstanaTV
  • 19 қазан 2017
  • 3567

Тамыз айында энергобақылау мамандары «электр желілеріне қосылудағы машақатты азайтамыз» деп уәде еткен. Алайда ол әзірге жүзеге аспайтын сыңайлы. Астананың іргесіндегі Қараөткел ауылының тұрғындары Ақмола электр желілерін тарату компаниясына қосылу үшін 80 мың теңгеге дейін қаражат төлеуге мәжбүрміз дейді. Осының себебін білмекке талай табалдырықты да тоздырған. «Астана маңындағы елді мекендерге инфрақұрылымдық жағдай жасау» жобасы аясында Қараөткелге электр жүйесі тартылып, оған 1 миллиардқа жуық қаржы да құйылған. Бұған дейін үйлер жеке трансформаторлық жүйелер арқылы электрмен қамтылып келген көрінеді. Кешкі уақытта токтың кернеуі төмендеп, жұрт сығырайған жарықпен отырады. Ал кейде электр қуатының кернеуі көтеріліп, тұрмыс техникалары күйіп кеткен жағдайлар да болған.

Әбушахман Шаяхметов, Қараөткел ауылының тұрғыны:

Электр жарығысыз бәріміз қиналып жүрміз. Жеке меншікке қосылып, 22,70 теңге төлегенбіз киловатына. Кеш болса, теледидар да көре алмаймыз. Тоңазытқышта істемейді. Скважинаның моторы да бәлен рет  күйіп кетеді.

Қараөткел тұрғындарына тікелей Ақмола электр желілерін тарату компаниясына қосылу ұсынылып отыр. Тариф те төмен, шамамен 17 теңге. Ток кернеуі тұрақты болады дейді. Алайда, ол үшін тұрғындар 2 фазалы есептеуіш сатып алып, жаңа сызбаның ақшасын төлеп, жүйеге қосылуға рұқсат алуы керек. Бұған қоса, пломба мен жаңа электр сымдарын сатып алу шығыны да ауыл жұртының мойынына түспек. Халықтың есебінше, бұл шамамен 80 мың теңгеге шығады. Тұрғындар бір кездері мемлекет есебінен қосып береді деген уәде болған дейді. Энергетика министрлігінің баспасөз өкілдері берген жауапта да осылай делінген. Алайда әкімшілік бұл мақсатқа қаражат бөлінбегенін айтады. 

Мэлс Жұмабаев, Қараөткел ауылдық округінің әкімі:

80 мың теңге дегенді білмеймін қайдан алғандарын. Қосылып жатқан кісілердің бәрі ең көп дегенде 40-50 мың теңгеге қосылып жатыр. Қазірдің өзінде 120 үй келісімшарт негізінде жаңа жүйеге қосылды. Енді жыл аяғына дейін ауылдың солтүстік және оңтүстік бөлігін қосып, қамтамасыз етеміз.