Русский Сайттың толық нұсқасы

Елорданы газдандыру жобасын партия бақылауына алуы тиіс,- А.Көлгінов

  • AstanaTV
  • 28 тамыз 2019
  • 3487

Елорданы газдандыру жобасына жауаптылар жұмысты мерзімінен кешіктіріп жатыр. Бұл туралы Алтай Көлгінов «Nur Otan» партиясы филиалының саяси кеңесінде мәлімдеді. Енді астананы газдандыру жұмысын бас партия қатаң бақылауына алуы мүмкін. Бұдан бөлек, Елбасы берген тапсырмалар аймақтық филиалдарда да талқыға түсті. 

Алтай Көлгіновтың айтуынша, газдандырудың уақытылы жүрмей жатқанын тәжірибе көрсетіп отыр. Әкім әсіресе бюджеттік бағдарламаға жауапты адамдардың жұмысына ашықтық қажет, дейді. Сондықтан бұл іске партиялықтарды жұмыла араласуға шақырды.  

Алтай КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:  

Өкілетті органдар графиктен тым қалып қойып жатыр. Сол үшін бұл жобаның жүзеге асуын партия бақылауы тиіс деп ойлаймын. Партия жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етеді. Өйткені онда мемлекеттік сатып алулар бар.

Ал Шымкентте әр сайлау округі бойынша жеке әлеуметтік карта жасалмақ. Оған ауылдарда шешімін таппаған мәселе енгізіледі. Жоба «Nur Otan» партиясы аймақтың филиалының отырысында қаралды. Атқамінерлер де карта халықтың базынасына құлақ асып, дер кезінде шешуге көмек, дейді.  

Бекайдар ТӨЛЕГЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНДАҒЫ «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

Шымқаламызда шетті мекендер бар, ауыл мекендері. Ауыз суды водовозбен әкеледі. Су жоқ. Газ жоқ. Мінекей соны фракция отырысында ортаға салып, талқылап, басымдылық не, соны шығарып, біз атқарушы органға, әкімдерге жеткізу керекпіз. Сонда халық сенеді, сонда халық «Nur Otan-ға» келеді.

Оралда жұмыссыз жастар мәселесін тездетіп шешу қолға алынады. Өйткені аудандарда ветеринар, құрылысшы, тракторшы мамандар тапшы. Бұдан бөлек, партия отырысында аймақтағы бірқатар әлеуметтік проблема қаралды. 

  Нұрхат ЖАНБОЗ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ БҚО ТЕРЕКТІ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Үй кезегіне болсын, әлеуметтік көмекке болсын, адам болғасын үйінде бірдеме ұмытып кетеді. Келер алдында бізге көрсетіп алыңыздар. Nur Otan-ға жіберіңіздер. Сөйтіп біздің тұрғындарымызды сергелдеңге салмай, уақытын да үнемдейді, ақшаларын да үнемдейді. Біз партия арқылы құжаттарын тексеріп алып, ауданға бір-ақ келіп кетеді.

Ал Шығыс Қазақсандағы саяси кеңес мүшелері тұрғындар проблемасын тек тыңдап қоймай, соңына дейін шешіп беру қажет дейді. Белсенділер жақында көтерілген семейлік студенттердің мәселесін мысалға алды. Оқу орнынан шығарып жібергені туралы шағыммен үш студент партияға жүгінген. Нәтижесінде оларды негізсіз қаралаған ректор сөгіс алып, жастар академияға қайта оралды.  

Даниал АХМЕТОВ, ШҚО ӘКІМІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ШҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:   

Мына әлеуметтік салада, мәдени салада, экономика саласында көп жұмыстар бар. Соған көпшілік депутаттар жайдан-жай жүреді. Осы мәселеде депутаттар халықпен, әкімшілікпен бірге жұмыс істеуі керек.

Аймақтағы саяси кеңесте көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан оқушылар құрал-жабдықпен қамтылып, арнайы сертификат алды. Партияның «Балаларды мектепке дайындайық» акциясы арқылы жаңа оқу жылында 100 балаға көмек көрсетілді.  

А. Бектас