Русский Сайттың толық нұсқасы

«Алтын Үкі» халықаралық жарысы басталды

  • AstanaTV
  • 29 тамыз 2019
  • 2613

Қарағанды облысына жер-жерден әскери мергендер жиналды. Белорусь, Ресей, Үндістан және Өзбекстан мемлекеттерінің ең үздіктері, "Алтын Үкі" арнайы кубогына таласпақ. Шетелдік барлаушылар мен отандық жауынгерлер әскери шеберліктерін шыңдамақшы. Спасск оқу-жаттығу алаңынан оралған әріптесім Айжан Қуаштың репортажы. 

Жауынгерлік атыс осылай басталды. Мергендердің негізгі қаруы - Драгуновтың снайперлік винтовкасы. Барлау топтары жау тылында дұшпанды тауып, тойтарыс беруге ұмтылды. Арнайы мақсаттағы барлаушылардың тағы бір сенімді қаруы - ежелгі Калашников пулеметі. Белорусь мергенінің айтуынша, қазір ол біраз өзгерістерге ұшырап, бұрынғысынан да күшейе түскен. 

Максим, БЕЛОРУСЬ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Бұл пулеметтың қорабына 100 патрон сияды. Оның ұңғысы бұрынғысынан сенімдірек. Бұрынғы Калашниковтың модернизацияланған түрі. 

Саят ИСА, НҰСҚАУШЫ:

«Мергендердің қарулары әр мергеннің өздеріне байланысты. Кей мергеннің өз көзіне, акустикаға байланысты әрқайсына әртүрлі мерген мылтықтары арналған». 

Ал мына жол талғамайтын көлік - Қазақстан Қарулы Күштеріндегі ең жылдам, әрі жеңіл қозғалатын техникалардың бірі. Ол кез келген кедергіден өтеді. Антитеррорлық, барлау істерінде қолданылады. Жарысты тамашалауға келген ардагердің айтуынша, қазір қазақ армиясы мықты қондырғылармен жабдықталған. Мәселен, мына құрылғы арқылы алыстан жабық ғимараттың ішінде не болып жатқанын білуге болады. Ол кепілге алынған азаматтарды террористерден құтқару операцияларында қолданылады. 

Төлеген ЖҮСІПОВ, ҚР ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ АРДАГЕРІ:

Осы қондырғының арқасында ғимараттағы қарулы террористер мен кепілге алынған азаматтардың санын біле аламыз. Өзіңіз елестетіңізші, сонау қашықтағы ғимараттың ішіндегі адамдарды көре аламыз. Бұл кепілге алынғандарды құтқаруға зор мүмкіндік береді. 

Айта кету керек, барлау топтарының «Алтын Үкі» халықаралық жарысында отандық әскерилер 8 рет жеңіске жеткен. Биыл 11- інші мәрте өтіп жатқан жарысқа Қазақстан, Белорусь, Ресей, Үндістан мен Өзбекстаннан 100- ден астам әскери қызметші қатысып жатыр. Сайыс 12 кезеңнен тұрады. Күндіз түні әскери дайындықтар мен жеке қатысушылардың шеберлігі сыналады. Көз мергендер судағы бөгеттерден өтіп, әскери топография, мина қопару, медициналық даярлық сынды сынақтардан жарысады.  

Дмитрий ОСИПУК, БЕЛОРУСЬ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Кеше маңызды нәрсе бүгін өз күшін жою мүмкін. Өзгеріс көп. Біз бір- бірімізбен тәжірибе алмасамыз. Әрине, әдетте жергілікті топ жеңетіні анық. Солай болуы тиіс. Дегенмен тартыспай беріле салмаймыз. Бірінші орын үшін күресеміз. 

Барлаушылардың әскери додасы 1 аптаға жалғасады. Жарыс жеңімпазына әдеттегідей «Алтын үкі» - арнайы кубогы табысталмақ. 

А. Қуаш