Алматы облысының Райымбек ауылында болған жойқын жарылыстан тағы бір адам қаза тапты. 38 жастағы Бердібек Ғаниев жан сақтау бөлімінде жеті сағаттай жатып, ес жимастан көз жұмған. Аудандық дәрігерлер оқыс оқиғадан тағы бір азаматтың ауыр халде жатқандығын айтты. Денелерін күйік шалып, бас сүйектері жарақаттанған ауруханадағы тұрғындардың жағдайын Әсем Лесбек біліп қайтты.
- Тастар атылды мына жердің бәріне екі күннен бері қалыпқа келтіре алмай жатырмыз
Райымбек ауылының тұрғыны Ырыскүл Ибадуллаева, оқыс оқиға болған сәтте үйінде болыпты. Балаларын туысына жіберіп, алаңсыз түскі астың қамына кіріскен келіншек, жарылысты алғашында жер сілкінді ме деп қалған.
Ырыскүл ИБАДУЛЛАЕВА, РАЙЫМБЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бес-алты баллдан кем емес, мына трубаның құлағанда шаң бұрқ ете қалды. Тастардың бәрі атылып, бүкіл балкон терезелеріне атылды. Психологиялық щок алдық. Материалдық шығын болды.
Оқыс жағдай сенбі күндізгі 12-лер шамасында газобетон блоктарын өндіретін зауытта болған. Жоғары қысымнан зауыттағы автоклав жарылып, ғимарат толығымен бүлінеді. Зауыттан 300 шақырым қашықтыққа дейін ұшқан мына алып құбырдың ұзындығы шамамен 10 метрді құрайды.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Мына жатқан құбыр жойқын жарылыс кезінде тұрғын үйдің аумағына ұшқан. Салдарынан үйдің есік, терезелері толықтай сынып, қабырғалары құлапты. Аулада тұрған жеңіл көліктерге де зақым келген
Мына оқиғадан соң, жергілікті жұрт мұндай ірі кәсіпорынның ел арасында орналасуына қарсылық танытуда.
Азиза ШАЙМҰРАТ, РАЙЫМБЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
Әрине қорқасын балаларымыз үшін себебі мұнда зауыттар өте көп. Мына жерде мысалға пакет шығарады. Исі өте өткір. Үйімізді жасап бергені жарайды, ал өмірді ертен кім жамап береді? Әкім сол жағын қарастырса дейміз.
Аудан әкімінің айтуынша бұл округта жалпы саны 20-ға жуық зауыт бар. 7-і цех дәл осындай газобетон блоктарын өндіреді.
Елжан ТӨЛЕМБАЕВ, РАЙЫМБЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
Өтініштер білдірді маңайындағы үйлер. Осы зауытты жабу мәселесімен. Қазір тиісті мамандар сараптамадан кейін айтады.
Ал жойқын жарылыстан зардап шеккендердің барлығы зауытта істейтін жұмысшылар. 58 жастағы азамат оқиға салдарынан бірден қаза тапса, 38 жастағы Бердібек Ғаниев ауруханада көз жұмған. Тағы бір азамат тым ауыр халде жан сақтау бөлімінде жатыр.
Бақытжан ПЕРДЕБАЕВ, «ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ» ТРАВМАТОЛОГ ДӘРІГЕРІ:
Үш науқас жедел-жәрдеммен келді. Ғаниев Бердібек 1981 жылғы түскен кездегі жағдайы өте ауыр. Сол күні қаза болды. Екінші Тұрғанбаев Бақберген 1984 жылғы дене күйіктері мен бас-ми зақымдалуымен қазір жан сақтау бөлімінде жағдайы ауыр.
Ал 59 жастағы тағы бір ер адам жеңіл жарақатпен үйге жіберіліпті. Әкімдіктегілер бүлінген үйлердің шығынын толықтай өтеп бермек. Сараптама нәтижесінен соң ірі зауыт техникалық талаптарды сақтамаған болса, кәсіпорынды жаппақ.
Ә. Лесбек