Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде темір жол вокзалы маңындағы ақылы автотұрақ бір жыл заңсыз жұмыс істеп келген

  • AstanaTV
  • 05 қыркүйек 2019
  • 3106

Ақтөбедегі вокзал маңындағы ақылы автотұрақтан шу шықты. Прокурордың мәліметінше ақылы автотұрақ заңсыз жұмыс істеп тұр. Бұл заңсыздық бір жылға жалғасып келген. Бақыт Рахметова толығырақ баяндайды. 

Бұл автотұрақ былтырдан бері ақылы. Жеке кәсіпкер қалалық әкімдіктен жерді бес жылға сенімгерлік басқаруға алған. Десе де бір жыл бойы заңды өрескел бұзып келіпті. Прокурорлардың айтуынша жер учаскесі тиісті рәсімделмеген. Оған қоса кәсіпкер электрондық билет жүйесін енгізбеген. Шамамен 14 миллион теңге үнем көрген.   

Бақытжан ЕШМАҒАМБЕТОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ АЛМАТЫ АУДАНЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Ақтөбе қаласы Тұрғын үй шаруашылығы автобиль жолдары бөлімі мен жеке меншік серіктестік негізінде кәсіпкермен шарт жасасқан. Алайда талдау барысында анықталғандай шарттың толық міндеттері орындалмаған. Кәсіпкермен осыған байланысты Ақтөбе қалалық Алматы ауданы прокуратурасының ұсынуы енгізілді. Жергілікті атқарушы орынмен аталған келісім шарт бұзылды.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Прокурорлардың ұсынымына сәйкес бұл автотұрақ бүгіннен бастап жұмысын тоқтауы тиіс болған. Бірақ қазірдің өзінде бұл жерде жеңіл көліктерден жүз теңгеден, ал жүк көлігінен 150-200 теңгеден ақы алу жалғасуда.

Бұл қоғамдық орындағы автотұрақтың ақылы болғаны, вокзалға адам әкелетін көліктер үшін тиімсіз. Ал, осы жерден нан тауып жүрген такси жүргізушілері вокзалға кіріп, шыққан сайын 100 теңгеден төлеуге мәжбүр. 

- Мен простой халықпын. Кіріп шыққан сайын жүз теңге төлей береміз.   

- Мынадай жерге қалай ақылы жұмыс істейді. Өзіңіз ойлаңызшы. Төрт метр ғана жерге қалай ақылы қылады.

Не удобно мына жер. Машинамен өтейік десек ұстап тұрады бүкіл адамды ана жақта. Сағат 4-5 тің шамасында келіп қараңыз осы жерде қырғын төбелес.

Әр көліктен ақы жинап тұрғандар бізбен тілдесуден қашты. Ал, олар отыратын жердің де есігін ешкім ашпады. 

Ал бұл жерді жалға алып отырған кәсіпкермен тілдесудің сәті түспеді. Ал әкімдіктегілер бүгіннен бастап бұл автотұрақтың мемлекеттік мекеменің балансына өткендігін мәлімдеді.

Қамбар МҰҚАШЕВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Басқа мемлекеттік мекеме оның орнын басатын болады. Бірінші кезекте жұмысшылардың жалақысы бар. Тегін қазір ешкім жұмыс істемейді. Абаттандыру мәселесі бар. Қалыпқа келтіру мәселесі бар олда қаражатты қажет етеді. Ал мемлекеттік бюджеттен қаражат қарастырылмаған.

Десе де, бұл автотұрақтың бұдан былай тегін не ақылы болатыны әзірге белгісіз. Оны жаңа қожайындары шешпек .

Б. Рахметова