Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры пара берді деген күдікке ілікті

  • AstanaTV
  • 10 қыркүйек 2019
  • 4319

Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры пара берді деген күдікке ілікті. Ол Білім және ғылым министрлігіне қарасты "Ғылым қорының" басқарма төрағасына 5 мың доллар пара берген деп айыпталып отыр. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің өкілдері хабарлады. Білдей оқу орнының басшысы мұндай қадамға не үшін барған? Айжан Қуаш тарқатады. 

 Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ: 

Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің күдікке ілінген ректоры Азамат Едірісов бұл қызметке биыл 24-інші қаңтарда тағайындалған болатын. Студенттердің айтуынша, оқу орнының басшысы осы 8 айда жақсы жағынан ғана танылған. Сондықтан олар ректорларын жамандыққа қимайды.

Жансая ҚАНАТ, Е. БӨКЕТОВ АТЫНДАҒЫ ҚАРМУ СТУДЕНТІ:

Біздің ректор келгеннен бастап тек қана жақсылықтар жасалды. Естіген жаңалықтарға мен өз басым сенбеймін. Өйткені ректор бізбен жеке жолықты. Жатақханаларды, факультеттерді аралап, студенттермен жеке кездесіп отыратын».

Ал оқытушылар мен университет басшылығы, проректорлар болған жағдайға қатысты қандай бір ақпарат беруден бас тартты. Біздің түсіру тобымызды күзетшілер бас ғимарат кеңсесіне кіргізбей қойды. Университеттің баспасөз қызметі күдікке іліккен ректордың ауырып жатқанын телефонмен хабарлады. Айтуынша, Азамат Едірісов қызметінен босатылмаған.   

Игорь ХЛЕБНИКОВ, Е.БӨКЕТОВ АТЫНДАҒЫ ҚАРМУ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Ол жұмысын жалғастырып жатыр. Бірақ, қазір ауырып жатыр. Әзір басшылық ешқандай комментарий бергісі келмейді. Басқа ештеңе айта алмаймын.

Агенттік мамандарының хабарлауынша, күдікке ілінген оқу орнының ректоры да, жаздан бері тергеліп жатқан министрлік өкілі де қамауға алынбаған.  

Данияр БЕГАЙДАРОВ, ҚР ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС- ҚИМЫЛ АГЕНТІГІ 1- ІНШІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ТЕРГЕУШІСІ:

Ол ҚР Білім және Ғылым министрлігі «Ғылым Қоры» АҚ басқарма төрағасына ғылыми жобаларды қаржыландыруды оңды шешу және қамқорлығы үшін 5 мың АҚШ доллары сомасында пара берумен күдіктеледі.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ: 

Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігінің хабарлауынша, пара алды деп айыталған министрлік өкілі кінәсін мойындаған көрінеді. Әзірге бұл істің сотқа қашан жететіні белгісіз.

А. Қуаш