Русский Сайттың толық нұсқасы

ШҚО жағдайы бар 145 отбасы АӘК заңсыз алып келген

  • AstanaTV
  • 10 қыркүйек 2019
  • 2350

Жалған мұқтаждық! Шығыс Қазақстан Облысында 145 отбасы- заңсыз, Атаулы Әлеуметтік көмек алып келген. Көп балалы отбасылар кірістеріне қатысты әлеуметтік қорғау органына жалған мәліметтер беріпті. Анықталған факті бойынша жәрдемақы тоқтатылып, артық төленген қаражат қайтарылуы тиіс. Егер талап орындалмаған жағдайда, төлем ерікті түрде немесе сот арқылы жүргізілмек. 

Ерлі-зайыптылар өздерінің жалға пәтер беріп, кәсіпкерлікпен айналысатындығын жасырып, жалған құжаттар тапсырған. Құйтырқылық ісі әшкере болған енді олар бет-жүзін жасыруды өтінді. Көп балалы ана сәуір айында АӘК-ке жүгініпті, бірақ жақсы табыс көзі барын жасырған. Енді, бұл отбасы АӘК төлемінен қағылып, мемлекетке 260 мың теңге қайтаруға міндетті.  

Сәуле, АӘК АЛУШЫ: 

«Мен бәрін өз еркіммен қайтарамын, мәселені сотқа жеткізгім келмейді. Ол кезде мен елді алдауға баратынымды түсінбедім. Ақша әрқашан керек екенін өзіңіз де білесіз ғой. Қазір бұл ісім үшін қатты ұяламын»

Тағы бір ана, пәтер жалға беріп табыс табатынын жария етпеген. Бородулиха ауданының тұрғыны, отағасының қомақты айлығын бүркемелеп, алаяқтық жолмен көмек алып келген. 

Бұлбұл КҰСМАНОВА, ШҚО ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: 

"Біз әр жанұямен жеке-жеке жұмыс істеудеміз. Себебі, араларында бөліп төлеуді сұрайтындар бар, ауырып жатқандар бар. Мысалы, науқастанып жатқандар операция жасалатын болғандықтан, 2-3 айға кешіктіріп төлеуді сұрайды. Кейде бір балаға 20 789 тенге алуды көздеп, жұмыстарын әдейі тастап кететіндер де кездесті. "

Мұндай отбасылар саны аймақта 145-ке жеткен. Ал, Павлодар облысы бойынша 126 отбасы заңсыз иеленген қаражатты қайтару үшін тізімде тұр. Тағы 51 отбасының табыс көрсеткішін тексеру аяқталғанша, қаржылай көмек көрсету тоқталған.   

Алтыншаш ӘБЕНОВА, ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ / ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫ/: 

Тексеру барысында біз осы АӘК алушыда 2 пәтер және бір автомобиль бар екенін анықтадық. Әрі, мамыр айында бұл азамат жеке меншік кофеханасын ашқан. Қазіргі уақытта, осы фактілерді тексеру үстіндеміз, әзірге АӘК беру тоқтатылды, әшкереленген жағдайда бюджетті қайтаруды талап етіледі.

Бұл мәселеге байланысты аудандар мен қалалардағы жұмыс топтары қыркүйек айының соңына дейін тексеру жұмыстарын жүргізетін болды. «Мемлекеттік Атаулы Әлеуметтік Көмек» туралы Заңға сәйкес, жалған мәліметтер табылған жағдайда төлем тоқтатылып, қаражат мемлекетке қайтарылу міндеттеледі. Оған көнбегендерінің ісі сотқа жөнелтілмек.