Русский Сайттың толық нұсқасы

Бауыржан Байбек Вьетнам билік партиясының Орталық комитеті Хатшысымен кездесті

  • AstanaTV
  • 16 қыркүйек 2019
  • 2162

«Nur Otan» партисы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Вьетнам билік партиясының Орталық комитеті Хатшысы Во Ван Тхыонгпен кездесті. Тараптар кездесу барысында екіжақты әріптестікті дамыту мен мәдени-гуманитарлық байланыс жайын талқылады. Бүгінде екі ел арасында достық байланыс орнаған. Вьетнам - еліміздің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы аса маңызды экономикалық және саяси әріптесі. Соңғы жылдары екі мемлекет арасындағы тауар айналымы да қарқынмен өсіп келеді. Бес айдың өзінде бұл көрсеткіш 23 пайызға артқан. «Nur Media» холдингінің тілшілеріне берген сұхбатында Во Ван Тхыонг қызмет көрсету мен туризм саласы екі елдің экономикасын дамытудың басты бағыты екендігін жеткізді.

Во ВАН ТХЫОНГ, САЯСИ БЮРО МҮШЕСІ, ВЬЕТНАМ КОММУНИСТІК ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Қазақстан Орталық Азиядағы қарқынмен дамып келе жатқан мемлекет. Бүгінде халықаралық қауымдастықтың сеніміне ие болды. Біз экономика ғана емес, мәдениет, білім беру және өзге салаларда да қарым-қатынас орнатуға дайынбыз.

Жастар саясатын дамыту мәселесі де екі елге таныс. Қазақстан секілді Вьетнам да жастарды қолдауға үлкен көңіл бөліп келеді, - дейді Во ВАН ТХЫОНГ. Елде білім беру, кәсіби тұрғыда өсіп-жетілуге жағдай жасалған. Вьетнамдықтар елдің ертеңіне жауапты екендігін мектеп партасынан санасына сіңіріп өседі. Ұлттық Жиналыс депутаты цифрлық гигиенаны белсене насихаттап жатқанын да жеткізді. Бүгінде елдің 55 миллионнан астам азаматы әлеуметтік желілерді белсенді қолданады. Ал жастар тәулігіне үш сағат отырады екен. Жаһандану дәуірінде фэйк жаңалықтарды сапалы һәм шынайы ақпараттан ажырата білу аса маңызды, дейді партия қайраткері. 

Во ВАН ТХЫОНГ, САЯСИ БЮРО МҮШЕСІ, ВЬЕТНАМ КОММУНИСТІК ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Біз Вьетнамда жас мамандарды тәрбиелеуге үлкен көңіл бөлеміз. Оларға ең жауапты міндетті сеніп тапсырамыз. Сонда ғана олар өзіне сенімді болып қалыптасады. Жауапкершілігі артып, кәсіби деңгейі өседі. Кадр резервін де қалыс қалдырмадық. Халықаралық озық тәжірибені үйренуі үшін жастарды шетелге де жіберіп тұрамыз.