Русский Сайттың толық нұсқасы

Сауд Арабиясының мұнай нысандарына жасалған шабуыл Қазақстанға әсер етуі мүмкін

  • AstanaTV
  • 16 қыркүйек 2019
  • 3743

Сауд Арабиясындағы мұнай зауыттарына ірі шабуыл жасалды. Нысандарды қызыл жалын шарпыған. Тіпті төтенше жағдайдан мұнай өндірісі екі есеге азайған. Ал әлемдік нарықта қара алтын құны қымбаттап кетті. Саудиялық зауыттардағы шабуылды Йемендегі хусит күштері өз мойнына алды. Алайда, АҚШ бұған Иранды айыптап отыр. Кен орындарына жасалған соққы валюта бағамына қалай әсер етпек? Тілші тарқатады. 

Арабтардың алып зауыттарына жасалған шабуыл мұнай нарығында қаралы сенбіге айналды. Йемен бүлікшілері он шақты дронды Сауд Арабиясындағы ең ірі мұнай нысандарына бағыттаған. Салдарынан санаулы секундта қара алтын бағасы 12 долларға дейін шарықтады. Саудиялықтар өндірісті бірден 6 миллион баррельге қысқартты. Сарапшылар мұның соңы нарыққа кері әсерін тигізетінін айтады.  

Фрэнсис ЛУН, «GEO SECURITIES» БАС ДИРЕКТОРЫ:

Алтынның бағасы мұнай бағасымен бірге өседі. Мұнай бағасы құлдыраған кезде, қор нарығы да құлдырайды. Қазір Қытай мен АҚШ-та өсім баяулағаны байқалады. Егер Сауд Арабиясы өзінің мұнай кен орындарын қорғай алмаса, және Хуситтер одан әрі шабулын жалғастыра берсе, әлемдік экономикада 70-ші жылдардың рецессиясы қайталанатын болады.  

Бүгін Дональд Трамп Американың мұнай қорын пайдалануға рұқсат берді. АҚШ Президенті осылайша нарықты керекті шикізатпен қамтамасыз етпек. 

Дональд ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Сауд Арабиясына жасалған шабуыл мұнай бағасына әсер етуі мүмкін. Егер қажет болса, нарықты тұрақтандыру үшін стратегиялық резервтен мұнай шығаруға рұқсат беремін.  

Рас, шығындарды Сауд Арабиясы өзі де өтей алады. Олардың мұнай қоры шамамен бір айға жетеді. Ал Қазақстандағы нарық бұл жағдайдың қаншалықты ұзаққа созылатынына байланысты. Экономист Меруерт Махмұтова осындай болжап жасап отыр.

Меруерт МАХМҰТОВА, ЭКОНОМИСТ:

Халықаралық нарықта мұнай бағасы көтеріліп жатыр. Бұның қаншалықты тұрақты екендігі әзірге белгісіз. Бірақ, мұнайды экспорттаушы компаниялардың табысы өсуі мүмкін. Мұнай нарығында келісілген контракттар бар. Сондықтан қазіргі өзгеріс ол контрактқа әсер етпеуі де мүмкін. Бұл біріншіден. Екіншіден мұнай бағасы ұзақ мерзімге осылай сақталып тұрса, біздің бюджетке біраз пайда түседі. Бұл әзірге қысқа мерзімді фактор.

Әзірге сарапшылар экономикалық шығындарды есептеп әлек. Ал саяси болжам жасауға ешкім асығып отырған жоқ. Шабуылды өз президенттеріне қарсы шыққан Йемендік хуситтер өз мойнына алғанымен, Ақ үй бұған Иранды кінәлі санайды. Ал Тегеран Трамп таққан айыпты негізсіз деп есептейді.

Ғ. Өтемісов