Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде 9 сынып оқушысы мотоциклмен адам қағып кеткен

  • AstanaTV
  • 17 қыркүйек 2019
  • 3202

Ақтөбе облысында тоғызыншы сынып оқушысы мотоциклмен 1 сыныпқа барған бүлдіршінді қағып кетті. Ауыр жарақат алған балғын облыс орталығына жеткізілген. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Мектеп оқушысының мотоциклдің басқаруға құқығы бар ма? Оқиғаның жай-жапсарын Бақыт Рахметова баяндайды. 

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:  

Оқиға Қобда ауданында өткен сейсенбіде болған. Жолды кесіп өтіп бара жатқан бірінші сынып оқушысын, мотоцикл келіп соққан. Екі аяқты көлікті басқарған жүргізуші де мектептің оқушысы. Оның жағдайына қатысты шағым жоқ. Ал, жеті жастағы бүлдіршін ауыр жарақатпен дереу ауруханаға жеткізілген.

Оның жағдайы ауыр болғандықтан, облыс орталығына әкелінген. Дәрігерлер балаға ота жасады. Бірақ әлі жансақтау бөлімінде жатыр.  

Сағидолла ДОСМАҒАМБЕТОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Біздерге ауданнан баланы жеткізді. Бала деген 10 қыркүйекте күндіз жарақат алған. Бала түскен уақыттан бастап интенсивті реанимациялық көмек көрсетіліп жатыр. Қазір реанимация бөлімінде жағдайы жалпы өте ауыр.

Дәрігерлердің айтуынша бүлдіршіннің жол көлік оқиғасынан жақ сүйегі сынған, бас ми жарақаттарын алған. Соққы қатты болса керек, іш құрылысы да зақымданған.    

Ерболат САРҚҰЛОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:  

Қобда елді мекенінде 9 сынып оқушысы мотоцикл басқарып келе жатып жолды өтпек болған бірінші сынып оқушысын қағып кеткен. Жол оқиғасынан кейін 1 сынып оқушысы ауруханаға жеткізілді. Осы дерек бойынша тергеу амалдары тексеріс жұмыстары жүргізілуде.

Заң бойынша екі аяқты мотоциклді 16 жастан бастап басқаруға рұқсат етіледі. Ол үшін жүргізуші куәлігі болуы шарт. Адам қаққан оқушыда куәлік бар ма, жоқ па ол жағы белгісіз. Құзырлы органдар тергеу құпияларына орай бұған қатысты ақпарат жарияламай отыр.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Дегенмен тергеу тексеру амалдары жүріп жатыр. Мотоцикл тізгіндеген бозбала кәмілетке толмағандықтан, кінәсі дәлелденсе, ата-анасы жауапқа тартылуы мүмкін.

Б. Рахметова