Русский Сайттың толық нұсқасы

Ресей азаматы отыз жылға жуық Қазақстанда құлдықта болған

  • AstanaTV
  • 18 қыркүйек 2019
  • 2771

Қазақстанда отыз жылға жуық құлдықта болған Ресей азаматы еркіндікке шықты. Еңбекке жегілген ол енді еліне қайта алмай отыр. Жарты ғұмырын жат жерде өткізген азамат Қостанайдағы қоғамдық қордан қолдау іздеп келген көрінеді. Алпыс жастағы азаматтың арыз-шағымын тілшіміз Заңғар Санай да тыңдап қайтты. 

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Әлімжеттік көріп, әбден жасқанып қалған Дмитрий құлдықтан құтылса да әлі күнге бәзбіреулерден қорқатынын айтады. Сондықтан келбетін көрсетіп, тегін атауға келісім бермеді.

Осыдан 29 жыл бұрын Көкшетау жаққа жұмыс іздеп келген ресейлік құлдық құрығына ілігіпті. Кейін оны қожайыны Алматы жаққа апарған. Онда 11 жыл бойына біреудің малын бағып, отын жаққан. Айтуынша ешкім ұрып соқпаған. Тек еліңе қайтарамыз деген құр уәдемен тегін жұмыс істеткен. 

Дмитрий:

Соңғы уақытта шешендерде жұмыс істедім. Сол жерде Руслан деген бір қазақпен таныстым. Ол Ресейдің азаматы екен. Еліңе қайтуға көмектесем деді. Сол мені осында алып келді. 

Оның айтуынша құлдықтан құтылу ойында болмапты. Құжаты да жарамсыз. Сондықтан полицияға арызданып, осы уақытқа дейін ешкімнен көмек сұрамаған. Еркіндікке шыққан Дмитрий енді тезірек Отанына қайтқысы келеді.Ол жақта ұлы мен қызы, туған туыстары күтіп отыр. Қостанайдағы қоғамдық қор жолақысын төлеуге дайын. Алайда Ресей тарапы тоқсаныншы жылдары ел аумағынан кеткен адамның азаматтығын анықтап, құжаттарын рәсімдеуге асығар емес. 

Нина КОСЮК,«ДАМЫТУ» ҚҚ ТӨРАЙЫМЫ: 

Біз оны еліне қайтару үшін қолдан келгеннің бәрін істедік. Ресей елшілігімен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Елшілік оның азаматтығын бекітіп, сертификат беруі керек. Отыз жылға жуық зардап шеккен адамды тезірек отанына қайтаруды сұрап отырмыз.

Құлдықтан құтылған азаматтың қазір қаланың қай жерін паналап жүргені белгісіз. Қоғамдық ұйым өкілдері ол жағын құпияда ұстап отыр. Алайда Ресей федерациясы азаматтық бермей қойса, оның жағдайы тым мүшкіл болайын деп тұр. 

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ: 

Өйткені өмірінің жартысын құлдықта өткізген азаматқа медициналық және психологиялық көмек керек. Азаматтығы болмағандықтан бейімдеу орталығына немесе мемлекеттік мекемелерге орналастыру мүмкін емес. Діңкесі құрыған Дмитрийдің соңғы үміті Ресей елшілігінде

З. Санай