Русский Сайттың толық нұсқасы

«Nur Otan» партиясы білім саласындағы өзекті проблемаларды бақылауға алды

  • AstanaTV
  • 20 қыркүйек 2019
  • 2954

Ауыл мектептері әлі күнге дейін сапалы интернетке қол жеткізе алмай отыр. Тіпті желілік байланыс желісін қолдан төмендетіп отырғандар да бар. «Nur Otan» партиясы орталық аппаратында өткен жиында мәжілісмендер осылай деді. Олар мұндай заңсыздыққа жол бергендерге тиісті шара қолдануды талап етті. Білім саласының олқылықтары талқыға түскен жиыннан тілші тарқатады. 

Ауыл мен қала мектептері арасында алшақтық әлі де көп. Жауапты министрлік екіжақты білімді теңестірмек. Дегенмен шалғайда 1600-ден аса мұғалім жетіспейді. Тіпті кей ауылдарда мектептің жоқтығынан 26 мың оқушы тұрғылықты жерінде білім ала алмай жүр. Депутаттар оқулықтарға да бақылаудың жоқтығын баса айтты.  

Абай ТАСБОЛАТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Министрлік тарапынан оқу әдебиеттерін сараптау рәсімінің тиімділігі дұрыс бақыланбайды. Ғылыми педагогикалық сараптамадан бірінші реттен оқулықтардың тек 77 пайызы ғана өтеді. 151 шағын жинақты мектепке күрделі жөндеу қажет. Ал 13 шағын жинақты мектеп апатты жағдайда.

Кадр тапшылығы бір ғана мәселе емес. Елде 130-дан аса мектеп әлі интернет желісіне қосылмаған. Салдарынан қашықтықтан біліп алып, электронды журнал толтыруға мүмкіндігі жоқ. Мәжілісмен Бақыткүл Хаменованың айтуынша, ауылда интернет жылдамдығын әдейі төмендетіп отырған заңсыздық да бар.   

Бақыткүл ХАМЕНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:  

Қазір кез келген өңірді көтеріп айтыңызшы, интернеттің жылдамдығын қолдан төмендету фактілері де кездеседі. Бар өңірлерде ол. Министрлік мекеме басшылығымен арнайы кездесіп, мәселені анықтап, тиімді тұсы саралану керек.

Нұротандықтарды білім саласындағы жемқорлық та алаңдатып отыр. Елордада биылдың өзінде 57 білім мекемесінің басшысы жауапкершілікке тартылған. Тіпті кейбірі қызметінен кетіпті. Ал 3 бірдей қызметкердің үстінен қылмыстық іс қозғалған.  

Илья МЕЩЕРИКОВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ:  

Мектепте жемқорлық орын алса, бөлінген қаражат тиімді игерілмесе, мұндай жағдайларды жасырып қалуға болмайды. Мектеп пайдалануға беруге дайын болмаса, оны айту қажет. Тіпті жөндеуді көруге министр, әкім барса да.

«Білім» бағыты бойынша бірқатар сұрақты көтерген комиссия жауапты министрлікке бірқатар ұсыныс дайындады. Саладағы негізігі проблемалар партия бақылауында.