Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраулық «Іскер ана» жобасының қатысушыларына кәсіптік құрал-жабдықтар табысталды

  • AstanaTV
  • 20 қыркүйек 2019
  • 6903

Атырауда «Іскер ана» жобасының үшінші кезеңі қорытындыланды. Қатысушыларға бұл жолы кәсіптік құрал-жабдықтар табысталды. Жалпы жыл басынан бері жоба аясында мыңнан астам ана 10 мамандық бойынша білім алған. Солардың 78-і өз бизнес жоспарын құрып, грант конкурсына да өтініш білдірген. Арнайы құрылған комиссия мақсаты нық - 46 анаға өз кәсіптерін ашуға қажетті құрал-жабдықтарды табыстады. Айта кетейін, жоба мақсаты аймақтағы әлеуметтік аз қамтылған аналарды жаңа кәсіпке оқытып, өз ісін ашуға бағыттау. 

Айдана Төлеуғалиева кәсіп ашуды жоспарлап жүр. Ол шалғайдағы Индер ауданынан облыс ортылығына арнайы келген. Бүгін кәсібіне қажетті бет әрлеу жабдықтарын алды.   

Айдана ТӨЛЕУҒАЛИЕВА:  

Жалғызбасты ана ретінде қатыстым. Осы жобаға қатысқан әсірім өте жақсы болды. Визажист мамандығын оқыдым, бет әрлеуші. Бәрі жақсы үлкен мүмкіндік меніңше адамдарға беретін, үлкен сәттілік деп ойлаймын.

Сол сияқты "Іскер ана" жобасының шапағатын Роза Серікқалиева да көрді. Өзі тігіншілікті меңгерсе, қызы аспаздықтың қыр-сырына қаныққан.     

Роза СЕРІКҚАЛИЕВА:

Өте қуанышытымыз. «Іскер ана» жобасы бойынша оқып, қызым аспаздық, өзім тігінші мамандығын алдық. Мынадай сыйлыққа да ие болдық. Енді әрі қарай үйде отырып, тапсырыс қабылдаймыз.

Бұл - жобаның үшінші кезеңін қорытындылау. 250 ана аспаз, тігінші, шаштараз, бет әрлеуші, есепші, кадр ісі, массаж маманы, ағылшын тілі секілді мамандықтарды меңгеріп шықты. Алғашқы екі кезеңі наурыз-маусым айлары аралығында демеушілердің көмегімен жүзеге асқан еді. Ал бұл жолы жобаға облыс бюджетінен қаржы бөлінген.   

Жасұлан БИСЕМБИЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:  

Көптеген әйел адамдар бала күтімінде отыруына байланысты белсенді кәсіпкерлікпен айналыса алмайды. Сондықтан біз осы курстар арқылы үйде отырып шағын кәсіпкерлікпен айналысып, ғаламтордың, заманауи технологиялардың мүміндіктерін пайдалана отырып, өз кәсібін бастауға мүмкіндік береді.

Курс тәмәмдаған аналарға арнайы мамандар кәсіпкерлік дағдылары, маркетинг сабақтар мен психологиялық тренингтер бойынша шеберлік сабағын өткізеді. Осы арқылы олардың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуды көздейді. Ал жыл соңында кәсіпкерлікпен белсенді түрде айналысқан аналарды ынталандыру жоспарланып отыр.  

Б. Нәдірқызы