Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда көп балалы аналарға пәтер берілді

  • AstanaTV
  • 23 қыркүйек 2019
  • 3754

Қостанайда көп балалы аналар баспаналы болды. "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында салынған көп қабатты үй көптің игілігіне берілді. 60 пәтерлі баспанадан көп балалы аналардан бөлек, жетім балалар және көп уақыт кезекте тұрған қала тұрғындары қол жеткізді. Аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша Тобыл өңірінде жыл соңына дейін 330 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 есе жоғары. 

Баспаналы болған баршаның қуанышында шек жоқ. Әсіресе көп балалы аналар осы күнді көптен күтті. Орынай әже үй кезегінде 13 жыл тұрғанын айтады. 7 бала өсірген қарта ана бір бөлмелі пәтерді қанағат тұтты. Ал Айгүл Жүсіпбековаға 3 бөлмелі бұйырыпты. 

Орынай КӨНЕШОВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА: 

Бір бөлмелі бір өзіме жарайды.Әкімдікке көп-көп рахмет.Еңбегімді бағалағаны үшін көп -көп рақмет айтам.

Айгүл ЖҮСІПБЕКОВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА: 

5 балам бар. Көп балалы анамын. 14 жыл бойы жалдадым.Бүгін қуаныштымын.Өте қуаныштымын.Елбасына рақмет айтамын.

Бүгінгі берілген 60 пәтердің он екісі көп балалы аналарға бұйырса, он бесі жетім балаларға, тағы он бесі бюджеттік және мемлекеттік қызметкерлерге берілді. Арнайы комиссияның шешімімен апаттық деп танылған үйдің тұрғындарына да пәтер кілті табысталды.

Архимед МҰХАМБЕТОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл біз облысымыз бойынша 330 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Ол өткен 2018 жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары. Ал 8 айдың қорытындысы бойынша 231 мың шаршы метр тұрғын үйді халықтың иглігіне беріп отырмыз.

Аймақ басшысы алты баланың анасы Гауһар Ғалымжанқызының үйіне арнайы барды. Жалғызбасты анаға жергілікті әкімдік пен қалталы азаматтар қарайласып, ескі үйді екі айда толық жөндеп берген.

Гауһар ЖАҢАБЕРГЕНОВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА: 

Овнанян деген кісіге алғысым шексіз.Баласы екеуі жаны ашып, осы біз үйлі болсын деп.Балаларым жылы жерде отырсын деп жан салып.Қаражаттарын аямай осы бізге көмектескеніне.Алла разы болсын.Алғасым шексіз ол кісілерге де.

Осымен облыста 32 көп балалы отбасы баспаналы болды. Жыл соңына дейін осы санаттағы тұрғындарға тағы елу пәтер берілмек. Жалпы қала бойынша үй кезегінде әлі 12 мың адам тұр.

З. Санай