Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда өгей әкесінен таяқ жеген 2 жасар бала ес-түссіз жатыр

  • AstanaTV
  • 24 қыркүйек 2019
  • 2532

Алматыда өгей әкесінен зардап шеккен 2 жастағы бала ес-түссіз жатыр. Дәрігерлер бүлдіршіннің бас сүйегіне ота жасаған. Полиция- 34 жастағы азамат жылаған өгей ұлын жұбата алмай, жұдырық ала жөнелген дейді. Аяусыз соққының астында қалған бүлдіршіннің жағдайын Әсем Лесбек ауруханаға барып, көріп қайтты. 

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Ес-түссіз жатқан бүлдіршін мына ауруханаға кеше кешкісін жеткізілген. Дәрігерлер бала тым ауыр жағдайда жеткізілгенін айтты.

Миына компьютерлік томография жасаған. Сөйтіп бүлдіршіннің бас сүйегіне 3 сағат бойы ота жасапты.  

Дінмұхаммед РУЗУДДИНОВ, АЛМАТЫ қ. БАЛАЛАР ШҰҒЫЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Ауыр қосарланған жарақат, бас миының соғылуы, сынығы, миында қан ұю диагнозы. Басқа да ісінген көгерген жағдайлары бар жедел түрде ота жасалынып гематомасы алынып, қазір бала жасанды өкпенің желденуімен жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы өте нашар.Өміріне қауіпті

Полицияның дерегінше өмірі қыл үстінде жатқан балғынды өгей әкесі өлімші етіп сабаған. Бұл кезде анасы жұмыста болған көрінеді. Қазір аталған дерекке сай қылмыстық іс қозғалды.   

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Алатау аудандық ІІБ-ның қызметкерлері 1985 жылы туған К. есімді Алматы облысының тумасын құрықтаған болатын. Ол өзінің өгей 2 жасар басын соққыға жығып нәтижесінде бала ауыр халде. Негізі бастапқыда ол бала өзі жүгіріп жатып құлап кетті деген. Бірақ оның сөздеріне күмәндәніп қалдық. Сонан соң ол өз кінәсін толығымен мойындады.

Сондай-ақ, полиция тергеу барысында 34 жастағы өгей әкенің бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын да анықтады. Яғни бөтеннің мүлкін тонау және ұрлау бабы бойынша істі болған.  

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Жергілікті полицияның хабарлауынша, бүлдіршіннің ата-анасы азаматтық некеде тұрған. Олардың қалаға көшіп келгеніне 1,5 ай болған. Ал анасына қатысты ешқандай ақпарат жоқ. Аяусыз соққы көрген бүлдіршіннің қашан ес жиярын дәрігерлер де айта алмай отыр.

Ә. Лесбек