Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда мыңдаған сәби туберкулез жұқтыруы мүмкін

  • AstanaTV
  • 24 қыркүйек 2019
  • 3899

Қазақстанда мыңдаған сәби туберкулез жұқтыруы мүмкін. Себебі елімізде оған қарсы БЦЖ вакцинасы жоқ. Шығыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасы осы қауіпті жағдай туралы айтты. Қазақстан тамыз айының соңында жапон препаратынан бас тартқан. Мамандар оның ішінен пластикалық қақпақтың сынықтарын тапқан. Оның орнына жаңа вакцинаны сатып алуға бірнеше ай кетуі мүмкін. Сондықтан, енді туған нәресте мен оның ата-аналарына карантиндік жағдайда өмір сүруге тура келіп отыр. 

Анастасия Летова қызы Алисамен бірге перзентханадан шығуға дайындалуда. Айтуынша, туберкулезге қарсы екпенің жоқтығынан жағдай қиындай түскен. Себебі, дәрігерлер сәбидің бар жақындарын анализ тапсырып, рентген жасауға міндеттеп отыр. Әйтпесе перзентханадан үйге ешкім жіберілмейді.  

Анастасия ЛЕТОВА, ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

"Бірінші естігенде, таң қалдық. Бірақ, амал нешік. Күйеуім мен екі балам флюрографиядан өтті. Барлық анықтамаларды алдық. Талаптарын орындадық. Енді перзентханадан шығатын күнімізді асыға күтіп жүрміз".

Әсел Әбішеваны перзентханадан тек жұбайы мен ата-анасы ғана күтіп алады. Өйткені, олардың ғана "дені сау" дегенді растайтын анықтамалары бар. Әсел енді қоғамдық орындарға шығудан және үйге қонақ шақырудан қауіптеніп отыр.  

Әсел АБЫШЕВА, ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

- Муж, мама, папа и апашка.

- Остальных не позвали?

- Нет, хотим ограничить количество людей, пока не получили прививку.

Дәрігерлердің айтуынша, бала екпені қабылдамағанша, ауруды жұқтыру қаупі сақтала бермек. Індеттің таралмауы үшін ақ халаттылар нәрестенің барлық туыстарын тексеруден өтуге мәжбүрлеп отыр. 

Гүлдер МАМЫЛХАНОВА, ШҚО АНА МЕН БАЛА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ: 

Иә, қазір бұйрық бойынша біз барлық құжаттарды талап етудеміз. Себебі, баланың инфекцияны жұқтыру қаупі сақталып отыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы БЦЖ вакцинасы келіп түскеннен кейін балалар тұрғылықты жері бойынша емханаларда екпе салдыра алатынын айтты. Ата - аналарды оған дейін шетелдік препараттарға жүгінбеуге шақырды.  

Райфа САФИОЛИНОВА, ШҚО ДСБ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Вакцинаны өз бетінше сатып алудың қажеті жоқ. Өйткені, мұның бәрі бірыңғай дистрибьютерден сатып алынады. Сәйкесінше ол заңдастырылуы керек. Қажетті сертификаттаудан өтуі тиіс. ҚР аумағында егу негізгі белгіленген күнтізбеге және санитарлық нормаға сәйкес жасалынуы қажет.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елге Үндістанда өндірілген БЦЖ вакцинасы жеткізіледі. Жаңа препаратты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да мақұлдаған. Әлемнің 170 елінде қолданады. Туберкулезге қарсы екпе күздің соңы немесе қыстың басында егілмек. Ал ата-аналарға оған дейін барынша қауіпсіздік шараларын сақтауға тура келеді.  

  А. Мүтәлі