Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда сиырдың етті тұқымдарын өсіру қолға алынбақ

  • AstanaTV
  • 24 қыркүйек 2019
  • 2110

Қарағандылықтар ауылдарға қоныс аударып, мал асырауда. Дәулет Жүнісов, фермер болу үшін Канададағы табысты ұсыныстан бас тартып, қаладағы пәтерін тастап «Южный» кентіне көшіп барған. Шаруаның айтуынша, Қазақстанда «Сыбаға» бағдарламасымен ауыл шаруашылығымен айналысу анағұрлым тиімді. 100 бастан астам ірі қара сатып алған ол кешікпей экологиялық таза өнім шығаруды да жоспарлап отыр. 

- На на …Гульчатай.. Она б прибежала, если б Фатима была бы рядом.

Дәулет Жүнісов фермадағы сиырларына ерекше ат қойып алған. Мал екеш, мал да қамқорлық пен мейірімді сезеді. Күтімі жақсы малдың еті тәтті, - дейді ол. Мына Герофорд тұқымды ұрғашы ірі қараларды 3 апта бұрын Ресейден әкеліпті. Әр қайсысы 600- 700 мың теңге тұрады. Фермер малды «Сыбаға» бағдарламасымен 50 миллион несиеге сатып алғанын айтты. Жыл сайын 9 пайызбен қарызын қайтарады. Ауыл шаруашылығымен айналысқысы келген адам үшін бұл аса тиімді, - дейді ол.   

Дәулет ЖҮНІСОВ, ФЕРМЕР:  

Субсидия жаман емес. Асыл тұқымды малдың әр басына 225 мың теңге, ал жәй тұқымға 175 мың теңгеден қайтарылады. Герофорд тұқымы өте жақсы. Мәрмәр ет береді. Бұл етке әлемдік нарықта сұраныс жоғары. Біздегі ауа райына төзімді, тоңбайды, асырауға болады.

Дәулет 7 баланың әкесі. Екі жыл бұрын Қарағандыдағы оқ- дәрі зауытында жұмыс істеген. Жақсы жалақыға өмір сүрген, тіпті Канадан тиімді ұсыныс та түскен. Алайда ол ауыл шаруашылығын мемлекет қолдайтынын ести сала қаладағы тірлікпен қоштасады. Ауылдан жер алып, техникамен жарақтанған соң мамандар тарта бастаған. Руслан Тюняев те бұрынғы қарағандылық. Құрылыста жұмыс істеп шаршаған ол ауыл механигі болуды қош көрген. Осында келген соң үйленіп, жағдайын түзей бастапты.  

Руслан ТЮНЯЕВ, МЕХАНИК:  

Қалада тыныштық жоқ. Коммуналдық ақының өзі қаншама ақша. 250 мың айлық алмасаң түкке жетпейді. Ал мұнда бейқам өмір сүресің. Пәтер де сатып алдым, мотоциклім, шаруашылығым бар. Жалақым да жақсы.

«Жүнісов» шаруа қожалығында жұмыс істейтін 12 адамның барлығы қаладан келген. 70 тен 150 мың теңге аралығында жалақы алады. Кәсіпкер жақсы өмір сүру, өз ісін ашу әркімнің қолынан келетініне сенеді. Енді алдағы қыста сүтті сиырлар фермасын ашуды жоспарлап отыр.   

Дәулет ЖҮНІСОВ, ФЕРМЕР:  

Бұл кез-келген адамның қолынан келеді. Қазір жастардың көбі 60 мың теңгеге күзетші болып жүр. Оның еш мәні жоқ. Қаншама жас гаджеттер мен ноутбуктарға телміріп денсаулықтарынан айырылуда. Одан да осындай болашағы бар іспен айналысса қандай жақсы! Еңбектің жемісті болуы адамның өзіне ғана байланысты.

Ауыл фермерлеріне мал бордақылау алаңдарының көптеп ашылуы да септігін тигізбек. Кәсіпкер жас бұқаларын сонда тапсырып, пайдасын бизнеске салмақшы. Алайда елде ет бағытындағы шаруа қожалықтарының тапшылығы тағы бар. Сондықтан ішкі нарықты етпен қамтуға әлі бірнеше жыл қажет деп отыр.  

А. Қуаш