Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда өртенген үйден үш адамның мәйіті табылды

  • AstanaTV
  • 27 қыркүйек 2019
  • 2564

Оралда өртенген үйдің ішінен үш адамның мәйіті табылды. Біреуі 4 жастағы бала. Суыт оқиға түнде қала іргесіндегі саяжайлардың бірінде болған. Өрт сөндірушілер үйді шарпыған қызыл жалынды екі сағаттан кейін ғана ауыздықтапты. Төтенше жағдайға орай, полиция қылмыстық іс қозғады. Олар ересек адамдардың ішімдік ішкенін анықтаған. 

Еркін КАРИН, ТІЛШІ: 

Өрт сөндірушілерді саяжай тұрғындарының өздері шақырған. Бірақ өртке қарсы жасақ келіп жеткенше, баспана түгелдей отқа оранған. Жалынды өшіруге екі сағаттай уақыт кетті. Үйінді ішінен екі ересек адамның сүйегін алып шықты. Шамамен төрт жастағы баланың денесі пештің түбінен табылыпты.

Көршілерінің сөзінше, бұл үйде 58 жастағы ер адам мен оның көңілдесі тұрған. Бір қызығы көңілдесі өрттен аман. Қазір оны полиция іздеп жатыр. Ал, жанып кеткен әйел мен баланың да кім екені әзір белгісіз. Мүмкін қонаққа келген болар деп топшылайды. Бірақ көршілері сырттан адам келгенін байқамадық деп отыр. Олар мас болғасын, үйден шыға алмай қалуы мүмкін екенін айтады. Өйткені үй иесінің араққа құмар болғанын жеткізді.  

Сергей ЛЕОНТЬЕВ, ТҰРҒЫН: 

Олар үнемі арақ ішетін. Күйеуі мен әйелін сырттай танимын. Бірақ қонаққа келген ешкімді байқамадым. Ішкен адамның тұрмысы оңа ма? Ескі алдына да ештеме еккен жоқ. Жазда осы үйін тастап кеткен еді, енді күн суыта қайта оралды.

Саяжайдағы өрт төтенше жағдайлар департаментінің бас ауруына айналған. Өйткені жылынамын деп жазым болғандар, бұл аумақта күз бен қыста жиілейді. 

Нұралы МУСИЕВ, БҚО ТЖД БАС МАМАНЫ: 

Өрттің ауданы шамамен 35 шаршы метр. Өртті сөндіруге ТЖД-ның 14 қызметкері, 4 бірлік техника қатысты. Өрттің себебі, кінәлі адамдар, шығыны анықталуда.

Дегенмен адам өмірін жалмаған саяяжайдағы өрттің неден болғанын дөп басып айту қиын. Бірақ сол түні пешке от жаққан деді мамандар.  

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Былтыр облыста 700-дей өрт оқиғасы тіркеліп, 11 адам опат болыпты. Мамандардың дерегінше, тілсіз жауға электр желісіндегі ақау мен пештің жарамсыздығы себеп болған. Сондықтан от жаққанда барынша сақ болуды ескертеді

Е. Карин