Русский Сайттың толық нұсқасы

Балалар мен отбасы саласындағы кешенді мониторинг

  • AstanaTV
  • 30 қыркүйек 2019
  • 3556

Батыс аймақтардағы жасөспірімдер арасындағы және оларға жасалатын қылмыстар, ерте жүктілік, балалар топтарында бейнекамералардың болмауы, сондай-ақ балалар мекемелеріндегі тамақтандыруды ұйымдастыру мен азық-түлік сақтаудағы кемшіліктер «Nur Otan» партиясы жанындағы балалар құқығын қорғау Кеңесінің назарына ілікті. Республикалық жұмыс тобының мүшелері 4 аймақтағы 240 балалар мекемесіне мониторинг жүргізген. Сарапшылар олқылықтарды аймақ басшыларымен өткен жиында жария етті. Мәселен, Атырау облысындағы сәбилер үйінде, орталық жүйке жүйесі зақымданған балаларға арналған кейбір топтарда бейнекамералар орнатылмаған. Ал енді бір балабақшада сөк салынған ыдыста жәндіктер жүрсе, Сәбилер үйінен мерзімі өткен сүт қоспасы табылды. №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында балаға өз бойына сай келмейтін кереует қойылған, нәтижесінде қыз бала екі бүктеліп ұйықтауға мәжбүр болған. Аймақ басшысы бұл мәселерді жедел түзетілгенін айтып, оны шешу жолдарын ұсынды. Оның мерзімі белгіленіп, жауаптылар тағайындалды. Мұны «Nur Otan» партиясының аймақтағы филиалы өз бақылауына алды.

Жұмабай ҚАРАҒАЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Мерзімі өткен азық-түлік деген сұмдық қой. Айтса айтқандай ғой. Мына топ көрмейтін болса, балаларға береді ме соны. Солай болып тұр ғой. Онда тиісті шараны алыңыз.

Балалардың құқығын қорғау Кеңесінің сарапшылары ескерту таратуға келген жоқ. Олардың мақсаты - елдегі ана мен отбасы жүйесін жетілдіру, бала құқығын қорғау, отбасына қолдау білдіру. Жұмыс тобының мүшелері жетістіктермен де бөлісті. Мәселен, Атырау облысында ерекше балаларға, жастар мен көп балалы отбасыларына жағдай жасау ілгерілеген. Ал көрші Ақтауда әлеуметтендіру және көп балалы аналарды қолдау орталығы ашылған. «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында ашылған орталықта әйелдерге заңдылықтар туралы кеңес пен психологиялық көмек көрсетіледі. Балаларды қорғау тобына қаладағы ауруханалар мен фельдшерлік-акушерлік пункттер, аудандардағы дәрігерлік амбулаториялардың жағдайы қуантқан. Сарапшылардың айтуынша, Ақтау қаласындағы күрделі диагнозбен ауыратын балаларды емдейтін дәрігерлік-әлеуметтік мекемелердің жағдайы - көп аймаққа үлгі.

Қаныбек ЖҰМАШЕВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Осындай үлкен мәселені көтеріп, ұйымдастырып, бүкіл ел бойынша жағдайды тексеріп жатыр. Мұндай кешенді тексеру жұмыстары менің есімде жоқ соңғы жылдары. Себебі әрбір министрлік өз бағытында тексереді. Білім мен тәрбиені, денсаулық өз бағытында, спорт өз бағытында. Ал мына комиссияның құрамында біз көріп отырмыз барлық саланың мамандары бар. Яғни жалпы бала құқын қорғау мәселесі кешенді түрде қарап, оның жағдайын жақсарту үшін кешенді шаралар қабылдау үшін жасалған комиссия. Өте орынды. 

Сарапшылар әрбір аймақ бойынша анықтама мен хаттама толтырды. Біріншіден, жергілікті билікке ұсыныс беру үшін. Екіншіден, заңнаманы жетілдіру. Қазірдің өзінде 45 ұсыныс дайын.

Динара ЗАКИЕВА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүкіл ел бойынша ортақ мәселелер жүйеленетін болады. Өйткені көп мәселелер барлық өңірге ортақ. Рас кей облыстарға тән жеке мәселелер де кездеседі. Біз оларды шешудің жолдарын іздеп, республикалық деңгейде көмек көрсетуге тырысамыз.

А. Мүтәлі