Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда дәрігерлерге қатысты сот аяқталды

  • AstanaTV
  • 01 қазан 2019
  • 3499

Атырауда перенеталдық орталық дәрігерлеріне қатысты іске нүкте қойылды. Атырау қалалық №2 соты егіз сәбиді дүниеге әкелген соң қайтыс болған Анаргүл Майлыбаеваның өліміне ақ халаттылар кінәлі емес деген шешім шығарды. Оларға Қылмыстық кодекстің 317 бабының «медицина қызметкерлерінің өзінің қызметтік міндеттеріне адал қарамауы, тиісінше орындамауынан адам өліміне абайсызда әкеп соғу» бөлімі бойынша айып тағылған болатын.  Атырау қалалық №2 сотында бүгін ерекше қарбалас. Бір жақта ақ халатты дәрігерлер әріптестерін қолдауға жиналған. Ал екінші топта егіз баласын босанған соң қайтыс болған 25 жастағы Анаргүл Майлыбаеваның туыстары мен 5 баласы. 8 ай бойы жүргізілген іске бүгін судья нүкте қойды.

Мейрамбек НАҒАШЫБАЕВ, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ №2 СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:


Нұрсұлу Орынбасарова, Аққали Таңаев, Асқар Кенжеғалиев, Құлниязова Қылмыстық Кодекстің 317 бабының 3-ші бөлімі бойынша тағылған айыптан қылмыстық процесуалды кодекстің 35 бабы 1 бөлімі 1 тармағы негізінде қылмыс бұзушылық оқиғасы болмауына байланысты ақталсын. Орынбасарова, Танаев, Кенжеғалиев, Құлниязова ешқайда кетпеу қолхатының күші жойылсын.

Ақталған 4 дәрігер де облыстық перинаталдық орталық мамандары:  директорының орынбасары, екі анестезиолог және бір дәрігер. Қолдауға келген ақ халаттылардың  күдігі сейілмеген секілді. Әр жерден бір қол шапалақ қана естілді. Есесіне  сәбилі боламын деп  көз жұмған келіншектің қаралы отбасы эмоциларын жасыра алмады.

Өміргүл МАЙЛЫБАЕВА, МАРҚҰМНЫҢ ӘПКЕСІ:

Мен сот шешімімен келіспеймін. Мен мұны былай қалдырмаймын. Басынан бастап все было подкуплено. Сөздің шыны керек, дені сау адам өлді де қалды. Көргендей бес бала дені сап-сау. Егер менің сіңлім ауырған адам болатын болса, дені сау бала туады деп ойламаймын. Мен әділ шешімге жетем деген ойдамын. Жоғары сотқа барамын. Қалдырмаймын!

Естеріңізге салайық, бақытсыз жағдай Атырау облыстық перенеталдық орталығында 2017 жылдың 5 шілдесінде болған. Жас ана өзінің туған күнінде егіз сәбиін кесарь тілігі арқылы өмірге әкелген соң қайтыс болды. 25 жастағы келіншектің артында 5 баласы жетім қалды.

Б. Надирқызы