Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордадағы қарттар үйі биыл тағы 30 адаммен толықты

  • AstanaTV
  • 01 қазан 2019
  • 5784

Елордадағы қарттар үйі биыл тағы 30 адаммен толықты. Мұны "Шарапат"  әлеуметтік мекемесінің басшылары айтты. Осылайша 200-ден астам қария қарттар үйін паналап жүр. 

Мұндағылар жылына бір рет тойланатын қарттар күнін асыға күтеді. Жүздеріндегі әжім мен жасаураған жанар, қарттар күнінде бір жайнап салады,-деді мамандар. Қазыналы қариялардың тіршілігі жайлы тілшіміз тарқатады.

"Ұлы Отан" соғысының ардагері Раиса Сафоничеваның мұнда тұрып жатқанына бір жыл болды. Оны қарттар үйіне келіні тапсырған. Кейуананың айтуынша, немере келіні қаусаған әжесіне қарайласудан бас тартыпты. Жақындарымды сағынсам да, мұндағы өміріме көңілім толады,-дейді қарт әжей.

Раиса САФОНИЧЕВА, ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

Екі қызым бар бірі осында, екіншісі Ресейде. Пәтерімді немереме сыйладым. Солармен тұрамын деп ойлап едім. Келінім қаламаймын деді. Азық-түлікке ақша беріп тұрамын десем де келіспеді. Қызым мұнда тапсырғысы келмеп еді. Бірақ соңында ол да көнді.

Қариялардың бұл жерге еті үйренген. Директор орынбасары Ардақ Сейітова оларға барлық жағдай жасалған,-дейді. Оның айтуынша, қайырымды адамдар жиі келіп, қам-көңіл жандардың көңілін аулайды. 

Ардақ СЕЙІТОВА, ҚАРТТАР МЕН МҮГЕДЕКТЕРГЕ АРНАЛҒАН "ШАРАПАТ" ӘЛЕУМЕТТІК МЕКЕМЕСІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Осында тұратын қарттар бұл күнді қатты күтеді. Биыл осы күнге арнап ұлттық гвардия концерттік бағдарламамен келіп отыр. Олар келді деген соң, қарттар арасында әскери адамдар, яғни екі ұлы отан соғысы ардагері бар. Олар қатты қуанышпен қарсы алды.

Мұнда жыртық көңілге жамау тапқандардың  да қатары көп. Петр мен Татьянаның жұп жарастырғанына -11 жыл. Мұңы мен сыры жарасқан олар осындағы 17 жұптың бірі. Петр жылыжайда гүл отырғызып, қарттар үйін гүлзарға айналдырса, Татьяна күйеуінің бар жағдайын жасауға тырысамын,-дейді.

Татьяна ОДИНОКАЯ:

Басқа қатарластарым көп дауыс көтеретін. Сондықтан Петрмен танысамын деген шешімге келдім. 2008 жылдың 6-шы сәуірінде отау құрдық. Содан бері бірге өмір сүріп жатырмыз. Осы күнімізге ризамыз. Бір-бірімізге арқа сүйейміз. Күнделікті керек-жарағымыздың бәрі бар. Көңіліміз толады. 

Елордадағы "Шарапат" әлеуметтік мекемесінде 200-ден астам қария тұрады. Ұрпағы керек қылмай мемлекетке тапсырған қарттардың туғандарына қарны ашса да тамақтары тоқ. Мекемедегі жарымжандар мен қамқөңіл қарияларды бағып-қағуға бюджеттен жыл сайын 700 миллион теңге бөлінеді.

Ғ. Өтемісов