Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұрлан Нығматулин Қорғаныс вице-министрін сөкті

  • AstanaTV
  • 02 қазан 2019
  • 2754

Соғыс басталып, техника қажет болса, жеке кәсіпорындармен қатар азаматтардың да көліктері жұмылдырылатын болады. Бірақ оларға өтемақы қалай төленеді? Бұл сұраққа жауап беремін деп сасып қалған Қорғаныс вице-министрін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин сөгіп тастады. Мәжілістің пленарлық отырысында көтерілген тақырыптарды Әлішер Өмірзақ баяндайды.

Білдей қорғаныс вице-министрі, Бас штаб бастығы генерал Мұрат Бектановты Мәжіліс Төрағасының бұлай деп сөгуіне заңға енгізілуі тиіс өзгерістер жайлы ақпаратты толық игермегені себеп болды. Соғыс басталып, Қорғаныс министрлігіне тиесілі техника аздық етсе, сіз бен біздің де көліктеріміз жұмылдырылады. Бірақ оның өтемақысын кім төлейді деген сұраққа Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жауап берді.

Руслан ДӘЛЕНОВ, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Меншік иелеріне - заңды және жеке тұлғаларға өтемақы толық көлемде бюджеттік заңнамаға сәйкес 60 күн ішінде беріледі. Осы заң жобасында бұл ережені қайта бекіту үшін Үкіметтің құзыреті бекітіледі. Біз бұны Қорғаныс және Қаржы министрлігі бірлесе отырып, өтемақының нақты механизмі мен нормативтерін пысықтайтын боламыз.

Соғыстан сақтасы, дегенмен айдын-күннің аманында қазақстандықтарға кибер шабуыл жасаған 42 хаккердің ісі қаралып жатыр. Олар қазақстандықтардың есеп-шотынан 200 млн теңгеге жуық қаражатын электронды түрде жымқырған. 

Марат ҚОЖАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл ақша Мәскеу, Санкт-Петербург, Уфа және тағы бірнеше қалаларында шешіліп алынғаны белгілі болды. Дегенмен, қағазбастылықтан бірнеше ай жоғалтып отырмыз. Ақшаны шешкен банктердің бірнешеуінде бейнебақылау жазбасын сақтау мерзімі аяқталып, оларды табуды қиындатты. Сондықатн қазір ТМД-ның 7 елімен электронды түрде тез әрекет ету мәселесін қарастырып жатырмыз.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Сондай-ақ Мәжілістің жалпы отырысы Жұмылдыру дайындығы саласында жүрген кәсіпкерлермен жасалатын келісімшартта да бақылауға жіті назар аудару керектігі айтылды.  Өйткені тапсырыс беруші мен орындаушы бұл саланың қауіпсіздік үшін маңызды екенін білуі тиіс. Ал екеуара шартты Ұлттық экономика министрлігі әзірлеп, бекітуі тиіс.


Ә. Өмірзақ